Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Құрметті қала тұрғындары, қадірлі мұсылман бауырлар!
Дана халқымыз "отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар" дегендей, қасиетті Рамазан айында Алланың парыз еткен бұйрығын орындап, отыз күн ораза ұстаған жанға айт мерекесі – қуаныштың мейрамы, бірлік пен берекенің ұйтқысы, шүкіршіліктің белгісі, сондай-ақ жасаған жақсылығымыздың бір қайтарымы екені анық.
Сондықтан баршаңызды мұсылман қауымының ұлы мерекесі – Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Адамдар арасындағы мейірімділікті оятып, мол игілік пен ізгілікке жетелеген, қайырымдылық жасауға үндеп, достық пен шаттықтың отын маздатқан Ораза айт мейрамы құтты болсын!
Алла Тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етіп, еліміздегі әрбір шаңыраққа бақ-береке, жұртымызға тыныштық, денімізге саулық, отбасыларымызға амандық берсін.
Сондай-ақ, қазіргі таңда әлем халықтары мен еліміздің басына төнген уақытша сынақтарға сабыр етіп, оның зиянынан пана тілеп Аллаға дұға етеміз.
Жаратушы Жаббар Иеміз келер жылдың Рамазан айында мешіттерде бас қосып, жамағат намаздарын оқуымызды, бір-бірімізді алаңсыз ыстық бауырлық сезіммен құшақтап, жүрекжарды тілектерімізді айтуды, жақсы күндерде жолығып, қуанышты сәттерде қауышуымызды жазсын!
Құрметті ағайын, айттан айтқа басымыз аман, бауырымыз бүтін, төрт көзіміз түгел жете берейік! Әмин!
Дереккөзі: Azan.kz