Дәрістер топтамасы
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله
و الصلاة و السلام عل محمد ى
السلام عليكم و رحمة الله و بركاته
Құрметті жамағат, ардақты ағайын. Міне, елімізге, айлардың сұлтаны болған, құлшылықтың, ізгіліктің, қайырымдылықтың айы болған – Рамазан айы келіп жетті. Елімізге,әрбір отбасыға, әрбір мұсылманға Рамазан айы мүбәрәк, құтты болсын. Аллаһ Тағала бұл айда ұстайтын оразаларымызды, беретін садақаларымызды, жасайтын құлшылықтарымызды, әрбір ізгі амалымызды, жақсы сөзімізді еселеп жазып, қабыл етсін.
Бұл ай – жақсылықтың, ізгіліктің айы. Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде айтады:
«Қашан Рамазан айы кірсе, онда аспанның (Жәннәттың) есіктері ашылады және тозақтың, жамандықтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді».
Біздің ғұламалар айтады, демек, Рамазан айы келгенде, адамды Жәннәтқа апаратын істер жеңілдейді.Бұл айда әрбір істі, құлшылықты, игі, ізгі амалды еселеп, сауапқа жазады. Және бұл айда Аллаһ Тағала барынша тозаққа апаратын, адамды бақытсыз ететін істердің, жолдардың бәрін қиындатады. Себебі, адамды азғыратын шайтандар бұл айда кісенделеді. Сондықтан, осындай берекелі ай, жақсылыққа бізді бейімдейтін, шақырып тұратын айда барынша ізгілікті, қайырымдылықты, жақсылықты жасауға пайдаланып қалуымыз қажет.
Сонымен қатар, Аллаһ Тағаланың тарапынан күнделікті бір шақырушы осылай адамзатқа, күллі мұсылман үмметіне ескертіп отырады екен:
«Уа, жақсылықты қалаушы. Сен көбірек жақсылыққа ұмтыла түс. Уа жамандыққа бет бұрушы, сен тосыл, тоқта», деп күнделікті ескерту келіп тұрады екен.
Сондықтан, біз Рамазан айында біздің жақсылыққа деген ниетіміз, пейіліміз арта түсетінін көреміз.
Бұл ай - оразаның айы. Бұл айды біз барынша таңның атысынан, күннің батысына дейін осы оразамен, яғни ішіп-жеуден, өмірдің басқа да қызықтарынан тосылып, тиылып өткізуіміз керек. Бір Аллаһ үшін. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде айтады:
«Кімде-кім Рамазан айының оразасын иманмен, Алладан сауапты үміт етіп ұстайтын болса, оның алдыңғы жасаған барлық күнәлары кешіріледі».
Біз таңертеннен кешке дейін өзімізді сәл аштыққа, осы өмірдің қызықтарынан тосылуға шыдатамыз, нәпсімізді сәл қинап уақытты өткіземіз, солай бүкіл жасаған күнәләрымызды Аллаһ Тағала кешіреді. Сондықтан, егер біздің күнәларымыз жуылған, шайылған халде Алланың құзырына қайтатын болса, одан асқан қандай бақыт бар?!
Бұл ай – Құранның айы. Бұл айда мұсылман әлемі, үмметі көбірек Құранды оқумен, жаттаумен, түсініп ұғынумен өткізеді. Себебі Аллаһ Тағала Құранда айтады:
«Рамазан айы – сондай ай, Алланың тарапынан бұл айда Құран түскен».
Сондықтан біздің ғұламаларымыз, үлкен әулиелеріміз бұл айды көбірек Алланың Кәләмын оқумен, үйренумен өткізетін болған. Құранды оқу – жай ғана бір кітапты оқумен бірдей емес. Хасан Аль Басри деген үлкен ғұлама, ілгері өткен әулие айтады:
«Кімде-кім Алламен тілдескісі келсе, онда ол Құранды көбірек оқысын».
Сондықтан біз Алланың Кәләмын, Құранды оқыған кезде біз Алла Тағаламен байланысқа түсеміз, Аллаһ Тағаламен тілдесеміз. Аллаһ Тағала сол кезде біздің дұға-тілектерімізді қабыл етеді, Өзінің Мейіріміне, қамқорына сол кезде бөлейді. Сондықтан, Рамазан айын біз осылай Алланың Кәләмымен өткізуге барымызды салуымыз қажет.
Рамазан айы - бұл құлшылықтың, намаздың, тарауықтың айы. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде айтады:
«Кімде-кім Рамазан айында кешкі уақытты, тарауық намазымен өткізетін болса, тарауық намазын иманмен, Алладан сауаптан үміт етіп, рахымды Пайғамбардан шапағат тілей отырып, оқып өткізсе Рамазан айын, онда оның алдыңғы жасаған барлық күнәлары кешіріледі».
Әрине, тарауық намазын, әдетте, карантиндік шектеулерді көрмей тұрған кезде, пандемия болмай тұрған кезде, мешітте, көптеген жамағатпен өткізетін едік. Ал енді, осы карантиндік шектеулер және осы пандемияның қауіпі, жұқпалы аурудың таралу қауіпі өмірімізді біраз шектеді. Сондықтан, тарауық намаздарын былтыр да, биыл да барынша үйде, отбасымызбен оқуға, өткізуге, отбасымызға осы намаз үйрете отырып, өткізуге әрекет жасайық. Аллаһ Тағала Рамазан айындағы әрбір құлшылықтарымызды, ізгі амалдарымызды қабыл етсін.
Рамазан айы – бұл сабырдың айы. Кімде-кім өзің сабырға, шыдамға, төзімге тәрбиелегісі келсе, осы Рамазан айын ұтымды пайдалансын. Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:
«Рамазан айы – бұл оразаның айы. Кімде-кім Рамазан айында ораза ұстаса, ол надандыққа бармасын, ешкіммен ұрыспасын, ерегеспесін. Біреу келіп, онымен ерегесіп, тиісетін болса, сол кезде ол «Мен оразамын», деп жауап берсін», дейді.
Міне, Рамазан айында біреу бізге келіп ренжітуге, ерегесуге әрекет жасаған күннің өзінде, сабырға тәрбиелейтін ай. Сондықтан, нәпсімізді, тұла бойымызды, жан-дүниемізді шыдамға, төзімге, сабырға, көркем мінезге, тақуалыққа осы айда тәрбиелеп алайық.
Аллаһ Тағала осы айдағы барлық құлшылықтарымызды, ізгі амалдарымызды, оразамызды, бүкіл жасайтын қайырымдылық істеріміздің барлығын қабыл етсін, отбасымыз аман болсын. Келесі кездескенше Алланың амандығында болайық!