#3 Сәлемдесу әдебі
Үйіңізге кіргенде немесе үйден шыққанда, үй ішіндегі ер адам болсын, әйел адам болсын, барлығына сәлем беріңіз. Яғни «әс-саламу алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» деп айтыңыз. Сәлемді тастап, бірыңғай «қайырлы таң» не «қош келдің» немесе сол сияқты т.б. сөздермен шектеліп қалмаңыз. Расында, сәлем беруді қойып, басқа сөздермен шектелуіңіз сәлем әдебін ұмыт қалдыру болып есептеледі. Сәлем деген – исламның рәмізі әрі мұсылманшылықтың белгісі емес пе?! Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөзімен де, ісімен де аталмыш әдепті мұсылмандарға үйретті. Ол өзіне ғұмыр бойы қызмет етіп өткен ардақты сахаба Әнас ибн Мәликке (р.а.) сәлем беру әдебін үйретіп, былай деген:
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ الله عَنْهُ، قَالَ: "قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "يَا بُنَيَّ، إِذَا دَخَلْتَ عَلَى أَهْلِكَ فَسَلِّمْ، يَكُنْ بَرَكَةً عَلَيْكَ وَعَلَى أَهْلِ بَيْتِكَ" (رواه الترمذي)
Әнастан (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Уа, балақайым, үйіңе кіргенде сәлем бер. Ол өзіңе және үй ішіңе береке болып қайтады», – деген» (әт-Тирмизи)[1].
Ұлы табиғиндердің бірі Қатада: «Үйіңе кіргенде сәлем бер, себебі сәлем беруге ең лайықты адамдар – үй ішің», – деген[2].
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: "إِذَا انْتَهَى أَحَدُكُمْ إِلَى مَجْلِسٍ فَلْيُسَلِّمْ فَإِذا أرادَ أن يقومَ فَلْيُسَلِّمْ فَلَيْسَتْ الْأُولَى بِأَحَقَّ مِنْ الْآخِرَةِ" (رواه الترمذي).
Әбу Һурайрадан (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қайсыбірің мәжіліске келсе, алдымен сәлем берсін. Мәжілістен тұрғанда да сәлем беріп кетсін. Мәжілістің басындағы сәлемнің соңындағы сәлемнен құқығы басым емес», – деген» (әт-Тирмизи)[3].
[1] «Сунан әт-Тирмизи», «Рұқсат сұрау және әдеп» бөлімі, «Адам үйіне кіргенде сәлем берудің маңыздылығы» тарауы (2698).
[2] Әбу әл-Лайс әс-Самарқанди, «Бустан әл-арифин», «Отыз алтыншы бөлім», «Үйге кіргенде сәлем беру» тарауы, 42-бет.
[3] «Сунан әт-Тирмизи», «Рұқсат сұрау» бөлімі, «Мәжілістен тұрғанда және отырғанда сәлем беру» тарауы (2706). «Сунан Әбу Дәуід», «Әдеп» бөлімі, «Мәжілістен тұрғанда сәлем беру» тарауы (5208). «Муснад имам Ахмад», ІІ том, 230-бет.
Кітаптың авторы: Шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда әл-Ханафи
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.