ИСЛАМ – ӘЛЕМГЕ ТҮСІРІЛГЕН ДІН
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз ислам бүкіл адамзаттың бақыты үшін түсірілген дін. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында:
يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ
«Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден (яғни бір ата, бір анадан) өрбіттік. Өзара бір-бірлеріңмен (қарым-қатынас жасап) танысуларың үшін түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла алдындағы ең абыройлыларың тақуа болғандарың. Шын мәнінде, Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп айтқан.
Адамзат баласын түрлі ұлт пен ұлыс етіп жаратуы – Алла Тағаланың хикметі. Әрбір ұлттың өзіндік ерешеліктері, тілдері мен салт-дәстүрінің айырмашылығы бар. Дін ислам әрбір ұлт өзінің салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын сақтай отыра, Алла Тағаланың әмірлеріне бағынып, тыйыл дегендерінен тыйылуға шақырады. Өйткені бұл дін бүкіл адамзат үшін түсірілген. Сонымен қатар исламда дінді бір ұлт жекешелеп алуына, өзін ғана тура жолда санап өзгені кемсітуіне жол берілмейді. Алланың құзырында адамның дәрежесі оның қандай да бір ұлт иесі болуына байланысты емес, тақуалығына байланысты болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يَا أَيُّهَا النَّاسُ أَلَا إِنَّ رَبَّكُمْ وَاحِدٌ وَإِنَّ أَبَاكُمْ وَاحِدٌ أَلَا لَا فَضْلَ لِعَرَبِيٍّ عَلَى أَعْجَمِيٍّ وَلَا لِعَجَمِيٍّ عَلَى عَرَبِيٍّ وَلَا لِأَحْمَرَ عَلَى أَسْوَدَ وَلَا أَسْوَدَ عَلَى أَحْمَرَ إِلَّا بِالتَّقْوَى
«Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, аталарың бір. Ешбір араб, араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан (тақуалығынан) басқа ешқандай артықшылығы жоқ», – деген (имам Ахмад).
Исламның бүкіл адамзатқа түсірілген дін екендігіне мына жайттар дәлел бола алады:
Бірінші: Алла Тағала әлемдердің Раббысы
Алла Тағала тек қана бір ұлттың немесе белгілі бір дінді ұстанушылардың ғана емес, барлық әлемдердің Раббысы. Осы себепті де қасиетті Құранның «Фатиха» сүресінің ең алғашқы аятында:
الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ
«Барлық мақтау, әлемдердің Раббысы Аллаға тән», – деп айтылған. Әрі бес уақыт намаздың әрбір рәкағатында бұл сөздерді мұсылмандар қайталап оқиды.
Фатиха – Аллаға мақтау, мадақ айтумен басталатын бес сүренің бірі. Ол «Фатиха», «Әнғам», «Сәбә», «Фатыр», «Кәһф» сүрелері. «Әлхамду» (الْحَمْدُ), яғни «мақтау» деген сөзден кейін бірден Алла деген сөз келген. Бұл – мақтау тек қана Аллаға тән дегенді білдіреді. Демек, бүкіл құлшылық, бүкіл мақтау Аллаға ғана арналады. Себебі Ол – барлық тіршіліктің Жаратушысы, әлемдердің Жаратушысы.
Әбу Сағид ал-Муғалла (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде мен мешітте намаз оқып отырғанымда мені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шақырып:
أُعَلِّمَنَّكَ سُورَةً هِيَ أَعْظَمُ السُّوَرِ فِي الْقُرْآنِ قَبْلَ أَنْ تَخْرُجَ مِن الْمَسْجِدِ
«Сен мешіттен шықпастан бұрын мен саған бір сүрені үйретемін, ол – Құрандағы ең ұлы сүре», – деді де, қолымды ұстады. Кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шыға бергенде мен: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз маған: «Бір сүре жайында хабар беремін, ол Құрандағы ең ұлы сүре» деп едіңіз ғой?» – дегенімде, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الْحَمْدُ لله رَبِّ الْعَالَمِينَ، هِيَ السَّبْعُ الْمَثَانِي، وَالْقُرْآنُ الْعَظِيمُ الَّذِي أُوتِيتُهُ
«Әлхамду лилләһи роббил аләмийн» («Барлық мақтау, әлемдердің Раббысы Аллаға тән» деп басталатын сүре). Бұл маған берілген «әс-Сәбғул мәсәни (қайталанатын жетеу) және «әл-Қуранул азыйм (ұлы Құран)», – деді» (имам Бұхари).
Ендеше, әрбір мұсылман «Фатиха» сүресін жиі оқып, әлемдердің Раббысы, жаратушымыз Алла Тағалаға жиі мақтау мен мадақтаулар айтып жүруі тиіс. Құдси хадисте Алла Тағала былай деген: «Намазды Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім, жартысы Маған, жартысы құлыма әрі құлыма сұрағаны тиесілі. Егер де ол: «Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән» десе, Алла: «Құлым Маған мадақ айтты, Мені мақтады», – дейді. Егер де ол: «Аса қамқор, ерекше мейірімді» десе, Алла Тағала: «Құлым Маған шүкірлігін айтты, алғыс айтты», – дейді. Егер де ол: «Қиямет күнінің Иесі» десе, Алла Тағала: «Құлым Мені ұлықтады», – дейді. Егер де құлым: «Саған ғана құлшытық етіп, Сенен ғана жәрдем тілеймін», – десе, Алла Тағала: «Бұл Мені мен құлымның арасындағы нәрсе әрі құлыма сұрағаны тиесілі, Мен оған сұрағанын беремін», – дейді. Егер құл: «Бізді тура жолыңа бастай гөр! Нығметке бөлеген құлдарыңның жолына бастап, адасқандар мен ашуға ұшырағандардың жолынан сақта», – десе, Алла: «Бұл құлымдікі әрі құлыма сұрағаны тиесілі», – дейді» (имам Мүслим).
Екінші: Қасиетті Құран бүкіл адамзатқа түсірілген кітап
Қасиетті Құран әлемдердің Жаратушысы Алла Тағала тарапынан бүкіл адамзатқа арналып түскен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Юнус» сүресі, 37-аятында:
وَمَا كَانَ هَذَا الْقُرْآنُ أَنْ يُفْتَرَى مِنْ دُونِ اللَّهِ وَلَكِنْ تَصْدِيقَ الَّذِي بَيْنَ يَدَيْهِ وَتَفْصِيلَ الْكِتَابِ لَا رَيْبَ فِيهِ مِنْ رَبِّ الْعَالَمِينَ
«Осы Құран, Алладан өзгенікі деп жала жапсыруға болмайды. Ол, алдындағыны растап, Кітапты ашық баян етеді. Әлемдердің Раббы тарапынан екендігіне шәк жоқ», – деп айтқан.
Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранды бүкіл адам баласына тура жол әрі нұр ретінде түсірді. Бұған қасиетті Құранның көптеген аяттары дәлел. Мысалы, «Бақара» сүресінің 21-22-аяттарында:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ اعْبُدُوا رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُمْ وَالَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ. الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ فِرَاشًا وَالسَّمَاءَ بِنَاءً وَأَنْزَلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَخْرَجَ بِهِ مِنَ الثَّمَرَاتِ رِزْقًا لَكُمْ فَلَا تَجْعَلُوا لِلَّهِ أَنْدَادًا وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ
«Уа, адамдар! Сендерді де сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер. Сонда тақуалыққа жетесіңдер. Ол сондай Алла, сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен ризық шығарды. Сондықтан біле тұра Аллаға серік қоспаңдар», – деп айтылған.
Қасиетті Құранның нұсқаулары, бұйрықтары мен тыйымдары барлық адамзаттың мәселесін қамтиды әрі оны реттейді. Егер адам баласы қасиетті Құран әмір еткендей ізгілік жолымен жүрер болса, міндетті түрде екі дүниелік бақытқа кенеледі.
Үшінші: Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзатқа Елші етіп жіберілген
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзатқа ескертуші ретінде жіберілген. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Сәбә» сүресі, 28-аятында:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا كَافَّةً لِلنَّاسِ بَشِيرًا وَنَذِيرًا وَلَكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ
«Сені біртұтас адам баласына қуандырушы, ескертуші етіп қана жібердік. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді», – деп айтқан.
Енді бір аятта Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 107 аятында:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде жібердік», – деп айтқан («Әнбия» сүресі, 107-аят).
Расымен де Алла Елшісінің мейірімі мұсылманды да мұсылман еместі де қамтыды. Ибн Аббас (Алла оларға разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша жаратылысқа, иман келтіргендерге де, иман келтірмегендерге де мейірім ретінде жіберілді», – дейді. Имам Табари (Алла оған разы болсын) Ибн Аббастың бұл сөздерін былай деп түсіндерген: «Алла Елшісінің иман келтіргендерге мейірім болып жіберілуі – ол арқылы Алла Тағала оларға тура жолды көрсетті, ол алып келген шариғатқа амал ету арқылы олар жәннат иелерінен болады. Ал иман келтірмегендер үшін мейірім болуы – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келуі арқылы өздеріне жіберілген пайғамбарларды өтірікке шығарған бұрынғы үмметтерге келгендей азаптарға душар болудан Алла Тағала оларды сақтады».
Бір күні Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Алла Тағаладан мүшріктерге лағынет тілеңізші», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنِّي لَمْ أُبْعَثْ لَعَّانًا، وَإِنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً
«Расында, мен лағынеттеу үшін емес, мейірімділік ету үшін жіберілдім», – деген еді (имам Мүслим). Пайғамбарымыз бұл сөздерін ісімен де, талай мәрте дәлелдеген еді. Бірде Пайғамбарымызға мүшріктер зиян келтіріп, қатты жапа шектіргенде оған тау періштесі келіп: «Уа, Мұхаммед! Алла Тағала қауымыңның сені мазақ еткенін естіді. Мен тау періштесімін. Алла Тағала мені сенің еркіңе берді. Егер қаласаң мен олардың үстіне екі үлкен тауды қойып, жазалайын», – дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, мен олардың ұрпақтарынан Аллаға ешқандай ортақ қоспай, құлшылық ететіндердің шығуын үміт етемін», – деген еді (имам Бұхари, Мүслим).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды былай қойғанда, қоршаған орта, жан-жануарлар мен өсімдіктерге дейін ерекше мейірім мен жанашырлық танытатын. Бұл Хақ сардарының бүкіл әлемге мейірім ретінде жіберілгендігінің сөзсіз дәлелі. Ардқаты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жан-жануарларға деген мейірімділікті мынадай ғибратты оқиғамен түсіндірді: «Алла бір ит үшін жаман атағы шыққан əйелді кешіріп, жəннатына алды. Құдық басында тілі аузына сыймай салақтап, шөлден қаталап жатқан əлдебір иттің тұсынан өтіп бара жатып, оның мүшкіл халін байқап қалған əйел дереу белінен белдігін шешіп, аяқ киіміне байлайды да, құдықтан, су алып береді. Осылайша ит ажалдан аман қалады. Міне, əйелдің итке деген осы бір əрекеті оның кешірілуіне себеп болды. Алла оған жəннатын нəсіп етті».
Тағы бір хадисінде: «Бір әйел мысық үшін азапталды. Ол мысықты өлгенінше қамауда ұстап, сол үшін отқа түсті. Мысық қамауда болғанда оны тамақтандырмады, сусын да бермеді, не өзіне жерде жорғалағандарды ұстап жеуіне де мүмкіншілік жасамады», – деген (имам Муслим).
Төртінші: Қағба – әлемнің құбыласы
Қасиетті Қағба – адам баласының құлшылық етуі үшін тұрғызылған ең алғашқы Алла үйі. Оның «Байтул ғатиқ», (ең ежелгі, ең бірінші) және «Байтул харам» (Қасиетті үй) деген атаулары бар. Қағбаның тек исламмен және арабтармен ғана байланысы бар және ол Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір сүрген тұста пайда болды деп сену қате. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 96-аятында:
إِنَّ أَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذِي بِبَكَّةَ مُبَارَكًا وَهُدًى لِلْعَالَمِينَ
«Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол», – деп айтқан.
Бұл аяттан Қағбаның әлемдер үшін айрықша мекен екенін айғақтайды.
Қағба – әлемнің әр түкпіріндегі мұсылман қауымының қажылық жасайтын жері. Сонымен қатар адамзаттың құлшылық еткенде жүзін бұратын құбыласы. Сондықтан әлемнің қай жерінде болмасын, құрлықта және теңiзде, биiк тау мен орманда болмасын мұсылмандар намаз уақытында жүзін құбыла тарапына қарап оқуы тиіс. Сонымен қатар мұндай исламның қасиетті рәміздерін құрметтеу керек. Оған тіл тигізіп сөгуге, құбыла тарапқа қарап дәрет сындыруға, тіпті аяқ созып жатуға болмайды.
Қадірменді жамағат!
Ислам діні бүкіл адамзатқа қияметке дейін жіберілген дін. Ол тек арабтардың немесе белгілі бір ұлтқа тиесілі емес. Сондықтан да Хакім Абайдың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланың жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жол осы деп әділетті, – деп айтқанындай дініміз барша адамзатқа құрметпен қарауға, ешкімді ұлтына бола кемсітпеуге шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 11-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِّن قَوْمٍ عَسَى أَن يَكُونُوا خَيْرًا مِّنْهُمْ وَلا نِسَاء مِّن نِّسَاء عَسَى أَن يَكُنَّ خَيْرًا مِّنْهُنَّ وَلا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلا تَنَابَزُوا بِالأَلْقَابِ بِئْسَ الاِسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الإِيمَانِ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар», – деп айтқан.
Бір күні Әбу Зәрр Біләлға (Алла оған разы болсын): «Ей, қара әйелдің баласы», – деп көңіліне қаяу салатын қатты сөз айтады. Білал жылап, Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шағым айтып барады. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Зәррге ашуланып: «Сенде әлі де қараңғылықтың белгісі бар екен», – деп қатаң ескерту жасаған еді.
Қисса
Омардың халифалық еткен тұсында бір яһуди Әли ибн Әби Талибтің (Алла оған разы болсын) үстінен шағымданып, Омар ибн әл-Хаттабқа (Алла оған разы болсын) келеді. Әли Омардың алдына келіп отырғанда, Омар: «Уа, Әбу әл-Хасан, деп тікелей атын айтпай, құрмет атауымен шақырып: «Тұр да, қарсыласыңның жанына барып отыр», – дейді. Әли айтқанын орындайды. Мұсылмандардың әміршісі хазіреті Әлидің жүзінен ашу мен қобалжу белгілерін байқайды. Дегенмен қазылық біткенге дейін байқамаған сыңай танытады. Сосын хазіреті Әлиге (Алла оған разы болсын): «Уа, Әли, қарсыласыңмен бірге қойғанымды ұнатпай қалдың ба?» – дейді. Сонда хазіреті Әли: «Жоқ, менің қобалжу себебім, сен мені құрметтеп лақаб атыммен Әбу әл-Хасан деп шақырып, қарсыласымды олай шақырмай, екеумізге тең қарамадың. Содан өзге дін өкілінің мұсылмандардың арасында әділдік жоғалған екен деп ойлап қалуынан қорықтым», – деген екен.
Тарихта ислам дінінің жер бетіне кеңінен таралуы – мұсылмандардың басқалармен жақсы қарым-қатынаста болып, көркем-мінез таныта білуінің жемісі. Алла Тағала соңғы Пайғамбарына адамдарды дінге күшпен емес, сүйіспеншілікпен шақыруды міндеттеген. Адамдар өздеріне деген зор құрметті, мұсылмандардың жүрегіндегі мейірім мен әділдікті көріп, хақ діннің ақиқатын өздері мойындаған.
Алла Тағала біздерді салтымызды сақтаған, дәстүрімізді құрметтеген ұрпақтардан болуды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.