АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕШІТ
Ол тұста қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының Ақмола атанып тұрған шағы. Сонау қиын кезеңде қазақ даласында іргесі қаланған алғашқы мешіттердің бірі бейнеленген ескі сурет көзімізге оттай басылды. XIX ғасырдың мұғдарында мұсылманның рухани өміріне шырақшы болған қасиетті ғимарат ұзақ жылдар бойы ұлттың игілігіне қызмет етті. Бүгінгі әңгімеміз сол жайында.
Мақаламыздың түп-төркіні Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік мұрағатында жатыр. Ата дінімізбен алысқан кеңес идеологиясының кесапатты шешімдері таңбаланған құжаттар көптеп кездеседі. Біз тақырыпқа тұздық болар ақпараттарды ғана ілікке алдық. Кербаққан кеңестік жүйенің қазақ халқына жасаған жамандығы жанымызға батты.
Ақмоладағы алғашқы мешітті қарапайым халық «ескі мешіт», «бірінші мешіт», «ағаш мешіт» деп атаған. Құрылысы 1838 жылы басталады. Оны өз қаражатына тұрғызған Қоңырқұлжа Құдаймендин сұлтан екен. Есімі ел ішінде әлі күнге дейін үлкен құрметпен аталады, әсіресе байырғы қала тұрғындары жақсы білсе керек.
1842 жылы имамдардың қолдауымен осы мешіт жанынан діни оқу орны ашылып, балаларға шағатайша, арабша оқу мен жазуды үйретеді. Ұстаздар бірлесіп Құран Кәрімді жаттатады. Оқушыларға қажетті оқулықтар мен кітаптарды ата-аналары мен туыстары сатып алып беріп отырған.
1843 жылы жергілікті мұсылман балаларына сабақ берген молда мешіт жанынан шағын үй салады. Оның бірден-бір себебі – қайырымдылық дастарқаны. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар, керуен-көштер мешіт жанына аялдап, ас-суын ішкен. Кейіннен ізгі дәстүр кең етек жайып, маңайдағы ауыл тұрғындары мешітті дұға оқитын көрнекті ғимараттың біріне айналдырады.
Әйтсе де халықтың қуанышы көпке ұзамады. Өкінішке қарай, діни ғимарат 1920 жылы отқа оранды. Қала архивінің бастамасымен 2019 жылы қазіргі Иманов көшесіне салынған үйдің қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды.
Орнында бар оңалар дегендей, өртенген ғимараттың орнына қаладағы кәсіпкерлер, ағайынды Қосшығұловтар бастаған дәулетті адамдар, діндарлар бірлесіп, күйген қызыл кірпіштен жаңа мешіт салады. Оны халық «тас мешіт» немесе «қызыл мешіт» деп атаған екен.
Дереккөз: Алға Дін орталығының фейзбук парақшасынан алынды
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.