А.ТІЛЕУБЕРДИЕВ: «Қызым – үйде, қылығы – түзде...»
Қазақ халқы қыз тәрбиесіне аса мән берген. «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген тәлімді тұжырым айтқан бабаларымыз болашақ ананың жүріс-тұрысына, әдебі мен қылығына, тәрбиесіне көңіл бөлген. Өйткені, «қыз қылығымен сүйкімді» деп түсінген.
Бәріміз ұл мен қыз өсіріп отырғаннан кейін олардың тәлім-тәрбиесіне алаңдаймыз. Осы ретте салиқалы қыз тәрбиелеудің бірнеше әдебі мен тәсіліне тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Дұға жасау. Барлық пайғамбарлар Алладан салиқалы ұрпақ тілеген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне Жаратқан Жаббар Иемізден тәрбиелі, салиқалы, құлшылығын толық орындайтын ұрпақ сұрауды үйреткен. Біз, қазақ халқы, Алладан ұлықты ұл, қылықты қыз сұраған жоралы жұртпыз.
Тәрбиелі жар таңдау. Халқымызда «Шеше көрген тон пішер» деген қанатты сөз бар. Иә, қыздың тәрбиесінде ананың алар орны ерекше. Өйткені ер азамат уақытының көп бөлігін түзде өткізеді. Ал қыздың қасында болатын, оның тәрбиесіне көңіл бөлетін адам – ана. Қыз анаға қарап өседі. Сондықтан, жар таңдауда ибалы, иманды, адамгершілігі мол, тәрбиелі қызға сөз салу – дінімізде де, дәстүрімізде де бар құндылықтар. Ізгі ғұламалар ұрпағының тәрбиесіне алаңдаған адам тәрбиелі жар таңдайтынын айтқан. Демек, жақсы жар таңдау – жақсы ұрпақ көбейту деген сөз.
Қыз баламен қашан да жұмсақ қарым-қатынас жасау. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды.
Қыз бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, теледидардан көргенін қайталайды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – деген.
Оның қолымен қайырлы істер жасау керек. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Отбасымен бірге науқас адамды зиярат етудің, қайырымдылық шараларға қатысудың маңызы үлкен.
Осы ретте мына бір оқиғаны айта кеткен жөн. Жуырда әлеуметтік желілерде мектеп жасындағы кішкентай қыз баланың жол жиегінде қайыр-садақа сұрап тұрған атаға садақа бергені туралы бейне таралды. Осы видеоға қарасаңыз көп ой түйесіз. Өзіне берілген тиын-тебенді сөмкесінен алып, әлгі кісіге беру үлкен ерлік емес пе? Әрине, әлгі кішкентай қыз бұл тәрбиені ата-анасынан алғаны ақиқат. Баланың қолымен қайырлы амалды жасау деген сөздің мәнісі осында. Егер қыз балаға садақа беру сынды амалды үйретпегенде ол өздігінен біреуге көмектесу дегенді білмейтін еді. Бала психологиясында «кішкентай бүлдіршін көргенін істейді» деген қағида бар. Бұл қағиданы халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақыл сөзімен әспеттеуге болады.
Қыз балаға сыйлық беру. Қыз бала жаратылысынан нәзік, сезімтал жан. Сыйлық кез-келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы баланың жігерін оятып, қуанышын арттыруға болады. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыйлық беру адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты оятып, мейірім мен бауырмашылдық сезімді арттыратынын айтқан. Мереке күндері, аптаның айтулы сәтінде, әсіресе, айт мейрамы, қасиетті жұма күндері отбасын қуанышқа кенелтеу, оларға сыйлық тарату – сауапты іс.
Сыйлық берудің мәні ерекше. Өйткені әкесінен сыйлық алып көрмеген қыз бала біреудің берген сыйлығынан қатты әсер алады. Психологтардың айтуынша, отбасында жылы сөз естімеген, сыйлық алып, жылулық сезінбеген қыз бала өсе келе өзгенің жылы сөзі мен сыйлығынан әсер алып, соның жетегінде кетеді...
Қыз балаға құрмет көрсету. Біздің халқымыз қыз баланы төрге шығарып, ерекше құрмет көрсеткен. Отбасында құрметке бөленген ол тұрмысқа шыққан кезде де құрметке бөленеді.
Қыз баланы тұрмыстық өмірге дайындау. Бұл – аса маңызды амалдың бірі. Қыз баланы киім тігуге, тамақ пісіруге, жарын құрметтеуге, үлкенді сыйлауға, қонақ күтуге, т.б. құндылықтарға үйретсек, ол тұрмыстық өмірде анасы көрсеткен тәрбиені қайталайтын болады.
Киіміне мән беру. Осы ретте қыз баланы жас кезінен бастап әуретті жерін жауып, дін мен дәстүрге сай киінуге үйретудің маңызын ерекше атап өтер едім. Өйткені киім – қыз баланың ары мен ұяты.
Алла Тағала ибалы қыз өсіруді, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуді баршамызға нәсіп еткей! Әмин!
Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
Алматы қаласы Медеу ауданының бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.