Ихсан – тақуалыққа тәрбиелейтін ілім
Бүгінде Бас мүфти бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдарында Ихсан ілімі кеңінен насихатталуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық «Айқын» газетіне жариялаған «Ихсан – тәрбие негізі» атты мақаласында: «Сөздікте «жақсылық», «игілік» деп келетін «ихсан» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі» деп жазған еді.
Ихсан – тақуалыққа тәрбиелейтін ілім. Ал тақуалық дегенді қалай түсінеміз? Тақуалық сөзі «аз сөйлеу», «сақтау», «қорғау», «әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу» деген ұғымға саяды. Шариғи мағынасына келсек, «күнәлі істерден сақтану, ұятты амалдан алыс болу, Алла Тағалаға бойсұнып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау» деген мағыналарды білдіреді. Күнә мен қателікке ұрындыратын істерден сақтану – тақуалықтың белгісі.
Бір күні Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) деген сахаба тақуалық туралы сұраған кісілерге былай деген екен: «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?» Сонда оған: «Иә, өттік» деп жауап береді. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тағы да: «Олай болса, сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» – деп кері сауал қояды. Олар: «Тікеннен сақтанып өттік» деп жауап береді. Сонда әйгілі сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану» деп түсіндіріп берген екен.
Тақуалық деңгейге жетелейтін жолдың бірі – Алладан қорқу. Алладан қорыққан адамның ізгі амалы нәтиже беріп, жамандық атаулыдан аман болады. Құранда: «Алладан қорыққан адамға Алла қиындықтан шығар жол көрсетеді» делінген («Талақ» сүресі, 2-аят). Біз неғұрлым Аллаға жақындаған сайын соғұрлым жамандықтан, күнәлі істерден, шариғатқа қайшы әрекеттерден алыстай береміз.
Ғұламалар адамға берілетін несібенің, нығметтің екі түрі бар екенін айтады. Біріншісі – тәннің несібесі, екіншісі – жанның (рухтың) несібесі. Тәннің несібесі күнделікті ішіп-жейтін ырзық-тамағымыз екені белгілі. Ал жанның (рухтың) несібесі білімнің нәсіп болуы екен. Бұл жерде білім дегенде иләһи ілім меңзеліп тұр. Яғни Алланы тануға жетелейтін білімнің берілуі – Алланың адам баласына нәсіп еткен рухани несібесі екен.
Түйіндеп айтқанда, жан мен тән несібесінің артуы тікелей тақуалыққа тәуелді. Алладан қорыққан адамға ризық пен білім нәсіп болады. Бұл туралы Жаратқан Жаббар Иеміз қасиетті Құранда былай баяндаған: «...Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. Алла оған ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел етсе, сонда Ол оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла әр нәрсеге бір өлшеу қойған». Тағы бір аятта: «Әй, мүміндер! Егер Алладан қорықсаңдар Ол сендерге жақсы, жаманды айыратын қабілет (білім) береді әрі жамандықтарыңды жойып, жарылқайды. Алла зор кеңшілік иесі» («Әнфал» сүресі, 29-аят) делінген.
Тақуалыққа жету үшін ең алдымен мықты иман, дұрыс ақида, жақсы амал, шариғат тыйған нәрселерге аса мән беретін сау жүрек, нәпсіні тежеу, біреудің дөрекі әрекетіне көркем мінез-құлықпен жауап беру, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін бойға сіңіруге деген ұмтылыс керек. Осы ретте біреудің дөрекі әрекетіне көркем мінез-құлықпен жауап беру дегенді ерекше айта кеткен абзал. Алла Тағала Құранда: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді» («Фуссилат» сүресі, 34-аят) деген. Мұндайда халқымыздың дана сөздерінде айтылатын «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген нақыл сөздері еске түседі.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен бір мысал келтірсек. Бірде бәдәуи (көшпенді араб) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне келіп кіші дәрет сындырады. Сахабалар әлгі бәдәуидің өте өрескел әрекетіне ашуланып, оған қол көтермек болады. Сол кезде Алла елшісі оларға: «Оны жөніне қалдырыңдар. Кіші дәрет сындырған жеріне бір шелек су төгіп, тазалай салыңдар. Сендер қиындатушы емес, жеңілдетуші ретінде жіберілдіңдер» дейді.
Бұл оқиғадан бізге алар сабақ көп. Мешітке, яғни Алланың жердегі үйіне құрмет көрсету тұрғысынан қарасақ, сахабалардың ашуға беріліп, оның әдепсіз ісін тыйып тастауға қатысты әрекетін орынды деп санаймыз. Ал оған көркем насихат айтып, мешітке қатысты әдепті түсіндіріп, жүрегін жібітіп, Исламды жеткізу тұрғысынан айтқанда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) амалынан ғибрат алмау мүмкін емес. Алла елшісі қиындататын емес, жеңілдететін жолды таңдады.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатына қанағаттанған әлгі көшпенді араб өзінің дөрекі ісіне өкініп, Исламды қабылдаған екен. Бәлкім дөрекі әрекетке дөрекі әрекетпен жауап бергенде оның мұсылманға, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), тіпті Ислам дініне қатысты көзқарасы мүлде басқаша болып кетер ме еді?! Әрине жамандық істеген адамның амалына жамандықпен жауап қайтару – әр адамның қолынан келетін іс. Ал жамандыққа жақсылықпен жауап беру – нағыз мұсылманның қолынан келетін іс. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы оқиғаны даналықпен жақсылыққа айналдыра білді. Бұл – әр мұсылманға қажет қасиет. Ал мұндай қасиет тақуалықпен келеді.
Осы ретте тақуалықтың осы және о дүниеде берер пайдасына аз-кем тоқтала кетсек.
Осы дүниедегі пайдалары мыналар – әр істің қайырын күтіп, Аллаға тапсырады, осылайша әрдайым жүрегі тыныштық табады. Алла тақуа пендесінің қолға алған игі бастамаларын, жұмысын оңғарып, қиын істі жеңілдетеді. Алла тақуаларды шайтанның зиянынан сақтайды. Хақ Тағала Құранда: «Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Алланы еске алады да қырағылық істейді» деген («Ағраф» сүресі, 201-аят).
Тақуа пендеге Алланың берекесі нәсіп болады және жақсы мен жаманды айыратын қабілет пен білім береді. Тақуалықтың о дүниеде берер пайдалары: Алланың мейіріміне кенеледі. Әулиелік дәрежеге жетеді. О дүниеде дәрежесі артады.
Алла Тағала баршамыздың тақуалығымызды арттырып, екі дүние нығметіне бөлесін. Әмин!
Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы
«Мұнара» газеті, №3, 2020 жыл
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.