Имам Матуридидің зайырлылық және ерік бостандығы туралы ойлары
Әлемдегі барлық қоғамда маңызды әлеуметтік институттардың болатындығы әмбеге аян. Солардың бірі қоғамды үйлестіріп, қорғап отыратын билік институты. Ислам мәдениеті мен әдебиетінде саяси және діни билік мәселелерін қамтитын «имам» ұғымы кездеседі. Бұл намаздағы имамнан бөлек мемлекеттік басқаруға қатысты ұғымды білдіреді. Исламдағы сенім (кәләм) және фиқһ саласындағы еңбектерде арнайы тақырып ретінде қарастырады.
Ақидаға қатысты классикалық дереккөздердің көпшілігінде «халифа» немесе «имам» тақырыбы қамтылған. Ал, Имам Матуридидің «Китаб ат-таухид» атты еңбегінде «имама» тақырыбының орын алмауы таң қалдырады. Кәләм іліміне (ақидаға) қатысты «Китаб ат-таухид» атты еңбегінде дін мен саясаттың арақатынасы туралы ойларын білдірмегенімен, тақырыпқа қатысты көзқарастарын «Тәуилат әһл ас-сунна» атты еңбегінен және бүгінге дейін жетпесе де басқа әдебиеттерде сілтеме берілген еңбектерінен (мақалат) оның тақырыпқа қатысты көзқарастарын анық көруге болады. Мысалы: «Аллаға, оның пайғамбарына және араларыңнан шыққан улул-әмірге (басшыға) бағыныңдар» деген аяттың тәпсірінде «улул-әмір» сөзін «қолбасшылар» мен «фақиһтар» (фиқһ ғалымдары) деген негізде түсіндірген. Осы арада шииттердің улул-әмір деп аталатын діни көсемдері имамдарды мағсум (күнәдан ада) деп есептейтін көзқарасына да қарсы уәж айта кетеді. Одан жеткен кейбір риуаяттар мен сілтемелерге қарағанда саясат туралы маңызды ойлар айтқанын көреміз. Мысалы, көп талқылауға түсетін «басшының Құрайш руынан болуы керек» деген ұстанымды түсінуге қатысты және сол сияқты көзқарастары ерекше.
Мәзһабтар арасында «имамның Құрайш тайпасынан болуы керек» деген мәселеге қатысты түрлі көзқарас айтылады. Ал, Имам Матуриди басшылықты «саяси» және «діни» деп екіге бөліп қарастырады. Бұл жердегі «Құрайштан болуы керек» деген ұстанымның діни тұрғыда емес саяси тұрғыда екендігін айтады. Бұл уәжін былай түсіндіреді: «Діни тұрғыда имам болатын адамның бойынан ең бастысы Алладан қатты именетін, қоғамдағы мәселелерге ұтымды шешім таба білетін, сондай-ақ, қандай жағдайда халықтың игілігіне ыңғайлы үкім шығаруға болатындығын жақсы білетін қасиеттер табылуы тиіс. Осындай талаптар мен қасиетке ие кез-келген адам дінбасы болуға лайық. Себебі, Алланың кітабы осыны талап етеді; «…Шындығында Алланың алдында ең ардақтыларың, тақуаларың», тақуалық қасиеті бар адамдарға ғана мал-мүлікті, жауапкершілікті сеніп тапсыруға, аманат етуге болады. Сондықтан осы тұрғыда басты талап тақуалық болуға тиісті».
Имам Матуридидің көзқарастарына жалпылай қарағанда, басшының Құрайш тайпасынан болуы керек деген ұғымның негізі пайғамбар сөзі болсын, сахабалардың қалауы болсын, бұл діннің талабы емес, саяси және қоғамдық қажеттіліктен туындаған таңдау деп есептегендігін аңғаруға болады. Матуриди бұл таңдаудың басты екі себебін айтады. Біріншісі, Имамдық (басшылық) діни қырымен қатар, әкімшілік және саяси басқару қыры да бар міндет. Сондықтан басшы болатын кісінің тақуалықтан бөлек, абыройлы әрі ардақты, текті әулеттен шығуы да маңызды. Құран сол кезеңдегі қоғамдық ортада мәдени элитаға ие әрі өзіндік салмағы бар Құрайыш тайпасының диалекттік ерекшелігіне сай түсірілген. Пайғамбарға саяси басшылық міндеті оған дейін ықпалы мен абыройы арқылы танылған Құрайш тайпасынан мұра болып қалған. Сонымен қатар тектілік те адамдарды жақсы іс-әрекетке бастап, жаман әрі жағымсыз істерден сақтауға септігін тигізетін бір қасиет деуге де болады. Діни басшылық пайғамбарлардың қолында болса, саяси басшылық патшаларда болады десек, діни басшылық діндарлығы мен біліміне қарай, саяси билік халық арасындағы беделі мен құрметіне негізделе отырып таңдаулы ру-тайпаға беріледі деуге болады. Тек пен тайпаға қатысты қоғамды сыныптарға бөлу ертеден келе жатқан әдет. Бұл фиқһ үкімдері арасында осы мәселе де көптеп кездеседі. Мысалы, ғалымдар некенің талаптарының бірі ретінде күйеу жігіттің әулеті қыз әулетіне тең болуы керек деген мәселеде Құрайыш тайпасы басқа ру-тайпалардан жоғары деп санаған. Пайғамбар да осыған қарай мәміле жасап, «құрайыштықтар бір-біріне тең» деген болатын. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы төрелер мен қожалардың өздерін ақсүйек санап араларында қыз алысып, басқа рулардан қыз алғанымен қыз бермеуін де осы негізде түсіндіруге болады.
Матуридидің басшылықты діни және саяси деп бөліп қарастыруы өзіне дейінгі қалыптасқан көзқарастардан өзгеше әрі қызықты жағдай. Осыған қарап, пайғамбарымыздың діни басшылығы (нубууат) Алла тарапынан берілген міндет болса, мемлекеттің басшысы ретіндегі мәртебесі оған Алла тарапынан берілген міндет емес, Құрайыш тайпасынан болғандығына, абырой мен беделге негізделген өзінің таңдауы екендігін көреміз.
Негізінде Имам Матуридидің кейбір ойларының төркіні Әбу Ханифадан бастау алады. Соның бірі әрі маңыздысы ерік бостандығы туралы ойлары. Матуриди дін мен шариғатты екі бөлек ұғым ретінде қарастырады. Имам Матуриди иманды «дін және сенім» деп атайды. Ал, шариғатты уахиға негізделген үкімдер деп есептейді. Осылайша ақыл мен дін, шариғат пен уахи қарым-қатынасы туралы сөз қозғайды. Иман – ол дін. Дін сенім негіздерінен тұрады, сенімнің немесе ерік бостандығының орын тебетін жері жүрек. Ол ешқандай мәжбүрлеу мен қысымның әсеріне ұшырамайтын тәуелсіз орын. Иманға осы тұрғыда ешқандай жаратылыстық күш әсер ете алмайды. Пенде осы тұрғыдан ерік бостандығына ие. Бұрынғы өткен пайғамбарлардың барлығы Алланың алдында абсолютті түрде өзгермейтін жалғыз дін Исламды әкелген. Осыған орай діннің мазмұнына ең алдымен таухид түсінігі, ғибадаттың бір Аллаға ғана жасалатындығы және пенденің Аллаға шүкіршілік етуге міндеттілігі секілді моральдық және логикалық негіздерге сүйенетін қағидалар жатады. Бұл мәселелердің барлығын ақыл арқылы білу міндетті болғандықтан «ақлият» мәселелері деп те атайды. Иман мәселелерінде ешқандай «насх» (үкімін жою) пен истинбат (аталатын үкімдердің өзгеруі мен түрленуі) орын алмайды. Ал, шариғат болса пайғамбарларға қарай өзгеріп, құлшылық формалары да түрленіп отырады. Дін жүректің ісі болса, шариғат көбінесе сыртқы іс-әрекет пен қарым-қатынас формаларын қарастырады. Шариғат үкімдері әлеуметтік және саяси қажеттіліктерге қарай жаңарып, белгілі деңгейде үнемі жаңғырып отыратын өміршеңдікке ие құбылыс. Имам Матуриди насх туралы былай дейді: «Насх — белгілі бір үкімнің күшін жоятын мерзімінің толғандығын мәлімдеу. Бұл жаңадан бір үкім шығаруға жатпайды әрі алдыңғы үкімге де қайшы келмейді. Белгілі уақытқа арналған үкімнің мерзімінің аяқталып, екінші бір мерзім үшін жаңартылуы… Алла Тағала белгілі бір мерзім үшін бекіткен үкімін тікелей аяттар арқылы, кейде пайғамбар хадисі арқылы жойып отырады». Бұған маслаханың (қажеттіліктің) қалмауы және басқа қажеттіліктің туындауы себеп болады. Мысалы Әзірет Омардың жаңадан мұсылман болғандарға (муәлафа әл-қулуб) зекет беру үкімін тоқтату туралы шешімін айтуға болады. Үкімді тоқтата тұру немесе күшін жою ижтиһад арқылы да жүзеге асуы мүмкін. Имам Матуриди осылайша ижтиһади насх мәселесі туралы айтады. Ол: «Насхтан сақтану логикалық тұрғыда мүмкіндігі болмаса, насх жасауға болады. Ал, насхты болдырмау логикалық тұрғыда мүмкіндігі болса насх жасауға болмайды». Демек шариғат тұрғысынан баламасы табылып тұрған мәселеде насхқа жол беруге болмайды. Бұл мүмкін болмаған жағдайда ғана насхқа жол беруге болады.
Қорыта келгенде Имам Матуридидің иман мен амал арақатынасы туралы көзқарасы, адамның сырттай қарағандағы іс-қимылы мен формасына қарап иманды өлшеуге болмайтындығын, адам иманы арқылы теңдессіз ерік бостандығына ие екендігін меңзейді. Ғибадат пен қарым-қатынас қағидалары иманның бір бөлігі болмағандықтан, иман еткен барлық мүміндер тең. Дәреже мен мәртебе тек тақуалыққа негізделеді. Ал, басшылықты саяси және діни деп бөлуі мемлекеттік басқару мен діни басқару саласының екі бөлек институт екендігін айқындай отырып, мемлекет пен діннің арақатынасындағы зайырлылық ұстанымының өзіндік үлгісін көрсетіп кеткен. Тарихқа үңілсек ислам дінін ұстанған мемлекеттердің барлығы осы үлгіні ұстанған деуге болады. Қазіргі кездегі кейбір жат ағым өкілдері саяси билікке діни критерийлермен қарап, иман мен амалдың арақатынасын жете түсінбегендіктен де сыртқы қарым-қатынас формаларына қарап адамдардың иманына, ерік бостандығына тиісуге бейім тұрады. Сол үшін діни салада ханафи-матуриди бағытының теологиялық көзқарастарына ден қойған жөн.
Имаммади Түсіпхан,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD доктор
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.