Мәсінің 7 шарты
Мәсіге мәсих тарту үшін жеті шарт қарастырылады:
Біріншісі: мәсінің екеуін де аяқты жуып барып кию. Тіпті толық дәрет алудан бұрын, тек аяқтың өзін ғана жуып кисе де болады, бірақ одан кейін дәрет бұзатын бір жағдай орын алмай тұрып, толықтай дәрет алып үлгерген болуы керек.
Екіншісі: мәсінің екі тобықты жабатындай болуы шарт. (Яғни, мəсінің қонышы тобықты жабатындай ұзындықта болуы керек). Егер қонышы қысқа болып, бірақ шұға (жүн мата) сияқты қалың нәрсе (жалғанып) тігілген болса, мәсих тартуға болады. (Имдәт).
Үшіншісі: мəсінің екеуімен де жүре алатындай болуы. (Яғни, шамамен бір фəрсах, яғни, 4-5 км қашықтыққа жүре алатындай болуы). Сондықтан, əйнектен немесе ағаштан, яки темірден жасалған мәсілер жарамсыз, оларға мәсих тартылмайды. (Өйткені, бұларды киіп, белгілі қашықтыққа жүру қолайсыз).
Төртіншісі: Мәсінің екеуі де (ең аз) аяқтың кішкентай үш саусағының көлеміндей жыртықтан ада болулары керек. (Бір мәсінің әр-әр жеріндегі жыртықтарды қосып есептегенде үш саусақ көлеміндей болса, ол кезде де мəсих жарамсыз. Бірақ бір мәсідегі жыртық екінші мәсінің жыртығына қосып есептелмейді. Сондай-ақ, тобықтың төмен жағындағы жыртықтар назарға алынады, тобықтың жоғарғы жағындағы жыртықтар назарға алынбайды).
Бесіншісі: мəсінің ешқандай байлаусыз аяқта өздігімен бекем тұруы. (Бұл мәсінің қалың әрі тығыз екендігінің белгісі).
Алтыншы: мəсінің денеге судың өтуіне кедергі болуы (яғни, мəсі су өткізбейтіндей қалың әрі тығыз, қатты болуы керек).
Жетіншісі: Екі аяқтың алдыңғы бөлігінің ең аз дегенде қолдың кішкене үш саусағының көлеміндей жері сау болуы керек. (Өйткені, мәсі үшін аяқтың бас жағынан санағанда үш саусақ көлеміндей жеріне мәсих тарту парыз. Ал, егер аяғы тобықтан кесілген болса немесе тобықтан төмен жерінен кесілсе де, бірақ қалған аяқтың үстіңгі жағы қолдың үш саусағының көлеміне жетпесе, ол аяққа мәсі киіп, мәсих тартуға болмайды. Мұндай жағдайда, келесі сау аяғындағы мәсіге де мәсих тартылмайды. Бірақ бір аяғы тобықтың жоғарғы жағынан кесілген болса, онда екінші сау аяғына мәсі киіп, мәсих тартуына рұқсат. Имдәт.).
Мәсих тартудың парызы мен сүннеті
Мәсих тартудың парызы: әр аяқтың үстіңгі жағынан үш саусақ көлемінде мәсих тартылған болу. (Тобығына, өкшесіне, екі жанына немесе сирағына мәсих тартылмайды. Имдәт).
Мәсих тартудың сүннеті: саусақтарының арасы ашық болған күйі аяқ ұшынан бастап сираққа қарай тарту. (Оң қолының дымқыл саусақтарын оң аяғындағы мәсінің ұш жағына, ал сол қолының саусақтарын сол аяғындағы мәсінің ұш жағына қойып, тобықтың жоғарғы жағына дейін тартады). "Нуруль Изах" кітабынан.
Әбуль Ихләс әш-Шүрунбүләли (м. 1585-1659 ж.)
Аударып дайындаған: А.Қасым
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.