ОРАЗА – НӘПСІМЕН КҮРЕСУ МАУСЫМЫ
Қасиетті Рамазан айы мұсылман баласын рухани тұрғыдан тәрбиелейді. Рамазандағы рухани тәрбиенің бірі – нәпсі қалауымен күресу.
Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман еткендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» деп баяндаған.
Осы аятқа байланысты «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабында мынадай тәпсір жазылған: «Яғни, уа, иман келгендер! Рамазан оразасы сендерден бұрынғы үмбеттерге де парыз етілген болатын. Сол бұрынғыларға парыз етілген ораза сендерге де парыз етілді. Егер Алланың осы айтылған әмірлерін орындап, іске асыратын болсаңдар, тыйымдарынан да тыйыла алатын тақуалардан боласыңдар. Алла Тағала осы аятта мұсылмандардың бағыныштылық сезімдерін оятып, олардың иман нұрын жайнату үшін «Ей, мұсылмандар!» деп айтқан».
Демек, жоғарыда келтірілген аяттан аңғарғанымыздай, оразаның негізгі тәрбиелерінің бірі – асау нәпсіні тізгіндеу. Нәпсі қалауын басқа уақыттарда тізгіндеу адам баласына ауыр тиюі мүмкін. Алайда ауыз бекіткен адам нәпсісін қадағалап, оны өз ырқына көндіріп, қалауын басқара алатын дәрежеге жетеді. Шын мәнінде, адам баласы ішіп-жеген сайын тағы да қалап тұрады. Сол секілді ұйықтаған сайын ұйқыға басып, уақытын бос өткізіп алады.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұшпанмен күрескендей, нәпсімен де күресуге шақырып, мұсылмандарды ізгілікке тәрбиелеген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан хадистердің бірінде: «Дұшпандарыңмен күрескендей, нәпсілеріңмен де күресіңдер» делінген.
Нәпсімен күрес – мұсылман үшін аса маңызды міндеттің бірі. Нәпсі қалауымен күресе алмаған адам құрдымға кетеді. Бұл туралы Хасан әл-Басридің (Алла оны рақымына бөлесін): «Нәпсінің жетегінде кеткен адам өз қалауының құлы болғаны. Кімде-кім нәпсі қалауына иелік ете алса, нәпсісінің патшасына айналады» деген екен.
Шын мәнінде, нәпсі адам баласын жамандыққа шақырады. Бұл туралы Алла Тағала Құранда біздерге ескерткен: «Расында нәпсі жамандыққа бұйырушы» («Юсуф» сүресі, 53-аят). Нәпсімен үнемі күресіп отырмасақ, ол біздің иманымызды әлсіретіп жібереді. Шал ақынның:
«Нәпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың бағлан қозыдай.
Егер тыю салмасаң,
Иманыңды жеп кетер» деген өлеңі көп нәрсені аңғартса керек.
Осы ретте нәпсімен күрес жолдары туралы айтып өткенді жөн көрдік. Нәпсімен күресуде Алланың бізді үнемі бақылап тұрғанын естен шығармауымыз керек. Бұл туралы Құранда: «Біліп қойыңдар. Алла іштеріңе бүккен ойларыңды түгелдей біледі. Ендеше, (Оның бұйрығына қарсы келуден) сақтаныңдар» («Бақара» сүресі, 235-аят).
Бірде бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ихсан туралы сұрағанда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық ету. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады» деп жауап берген. Иә, Алла бізді әрдайым көріп тұрады. Сондықтан әрбір ісімізге аса мұқият болғанымыз жөн.
Ізгілердің жолына ілесу, шыншылдармен бірге болу, жаман ойлардан аулақ болу, Құран оқу, Алланы көп еске алу, парыз амалдармен бірге нәпіл амалдарды көбірек орындау, мешіттегі жамағат намаздарынан қалмау, діни білім алуға көңіл бөлу секілді амалдар нәпсімен күресуде оң ықпалын тигізеді. Мейірімі шексіз Алла Тағала өз құлдарын жақсылыққа шақырып, нәпсімен күресу жолдары жайлы үйретіп, Құранның бірнеше жерінде баяндаған:
«Маған құштар жандардың жолына ілес» («Лұқман» сүресі, 15-аят); «Әй иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят); «Бір Алланың ғана разылығын қалап, Раббыларына ертелі-кеш дұға жасап, жалбарынатын мүміндермен бірге болуда барынша сабырлы болып табандылық таныт. Қу тіршіліктің сән-салтанатына аңсарың ауып, әлгі адамдардан көз жазып қалма. Бізді еске алмайтындай етіп өзіміз қаперсіз еткен, нәпсісінің қалауына ерген әрі бүкіл ісі шектен шыққан әлдекімге ерме» («Кәхф» сүресі сүресі, 28-аят). Осы аяттарға терең зер салсақ және оны жүзеге асырсақ Алланың қалауымен өз нәпсімізбен күресе алатын дәрежеге жетеміз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынайы мұжаһид дегеніміз – Алла жолында өз нәпсісімен күрескен адам». Алла Тағала баршамызға өз нәпсімізбен күресте табандылық пен төзімділік, сонымен қатар тұрақтылық нәсіп еткей. Әмин!
Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
«Омар ибн әл-Хаттаб»
мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.