ПАРЫЗДАН КЕЙІНГІ ПАРЫЗ - АДАЛ КӘСІП
Адам баласына Бір Аллаға құлшылық жасағаннан соң, өзіне қажет те әрі маңызды шаруа – адал кәсіппен мал табу. Мал табу адал жолмен ғана бұйырылған және де Алла Тағала Құран кәрімде «Бір біріңнің дүниелеріңді тек адал жолмен алыңдар», - деп ескертті.
Атам қазақ «маңдай терлемей несібе келмес» дегендей, адал несібе қажырлы еңбекпен келетіні анық. Жұрттың барлығы дін қуалап кетпесі анық. Дүйім жұрт өзіне, мамандығына лайық іспен айналысады, несібесін табады. Ал дін қуу, өмірін дінге арнау – имам-ғұламалардың ісі.
Құран кәрімде: «Білмегендеріңді білім иелерінен сұраңдар»,- деп Алла Тағала ескертеді. Сол себебті де еңбек жасау, мамандық иесі болу – парыздан кейІнгі парыз. Яғни, бес парызды оқыту: баланың иманын күшейтіп, намаз, ораза, зекет, қажылығын үйретіп, адалмен арамды ұғындырған соң кәсіп оқыту, мамандық иесі жасау – ата-ананың парызы. Бала да қарап қалмай талпынып, білім-кәсіп үйренуге құштар болуы керек. Сол себепті «Таудай талап бер, бармақтай бақ бер» деп тілейміз. «Жігітке жеті өнер аз, қырық өнер көп емес», - деп дана қазақ мақалмен ой орайды.
Қазіргі жылдам дамыған заманда тек күш емес, ақылмен де еңбек етуге болады. «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей». Елдің халін, тұрмыс тіршілігін білу үшін тұмшаланып кеш-кештерде елді аралайтын Дәуіт а.с өзі туралы мін естіген соң, өзін саралап, өнері жоқ екенін кеш болса да байқап, темір ұсталығын үйреніп, сол кәсібінен тапқан ақшасына күнелтеді.
Адамзаттың ардақтысы, Пайғамбарлардың абзалы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлыққа дейін саудамен айналысқан. Келген несібенің қандай жолмен келгеніне мән бермеу – ақыр заманның белгісі. Табыстың адал жолмен келуі өте маңызды. Адал нан дәмді болмақ. Бай болу мақсат емес, кәсіп мақсат, ал кәсіптің арты – нәсіп. Хадисте «Қуатты адам пайдалы, кедейде де қайыр бар», - делінеді. Ауқатты адам шарапатшыл болса, елге қайырлы болмақ.
«Болар жігіт қырық елдің қамын жейді, болмағыр жігіт қатқан тезекті қағып жейді». Мұсылман адамнын үстінде киер киімі, қажетіне жұмсайтын ақшасы болуы керек. Екінші халифа Омар: «Кейбір жігіттердің менің алдымдағы абыройы, олардың еңбек етпейтінін естігенде түсіп қалады», - деп еңбексіз адамды сынаған. Лұқман Хакім де баласына мынандай өсиет қалдырған екен: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:
- Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді.
- Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіреді.
- Үшіншіден, адамгершілік әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады», - деген екен.
Алла Тағала баршамызды адал кәсіп тауып, адал ризыққа бөленуді нәсіп етсін. Әмин!
«Заря восток» мешітінің имамы
Ахметов Қазыбек
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.