Қара сөз қара өлеңге айналғанда... #24
ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ СӨЗ
Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?
Абай Құнанбайұлы.
ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ӨЛЕҢ
Жақсы ғой оянғаны, сілкінгені,
Әуесің келеді екен, шіркін, тегі.
Екі мың миллионнан артық адам,
Бар екен жер жүзінде бұл күндері.
Ақиқат болса жанға ар қонғаны,
Белгілі жаратқанның жар болмағы.
Сұқ қадап, бірін-бірі жау санаған,
Қазақтар екі-ақ миллион бар болғаны.
Дінді де «діңгегім» деп, ұстамайды,
Осылай жүрер ме еді ұқса жайды.
Қазақтың өнер іздеп, жұрт тануы,
Байқасаң еш халыққа ұқсамайды.
Ел болар берекелі бірлік таппай,
Басты да бассыздыққа бұрдық жаппай.
Біріміз бірімізді аңдып, жаулап,
Отырмыз күмән жұтып, кірпік қақпай.
Тисе де таяқ болып шекемізге,
Жетпей-ақ қойды-ау біздің жетемізге.
Осылай жалпақ жұрттың қоры болып,
Білмеймін, аңдысумен өтеміз бе?
Бұл күнде қазан бөлек, қораң бөтен,
Болмай тұр белбеуде де орам бекем.
Мал тауып, түзу жолмен тірлік қылар,
Қазаққа қайырлы күн болар ма екен?!
Әлібек Шегебай.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.