Құрбан айтқа байланысты жиі қойылатын сұрақтар
Қасиетті Құрбан айт (Ид-аль-Идха) мейрамы қарсаңында, Azan.kz өткен жылдар тәжірибесінен шыға отырып, жиі қойылатын сұрақтар және оларға қатысты жауаптарды жариялайды.
Сұрақ: Мұсылмандардың мейрамы Құрбан айт жақындап келе жатыр. «Құрбан» деген нені білдіреді?
- «Құрбан» деген сөз «жақындау», «жақын болу» дегенді білдіреді. Діни термин ретінде бұл Жартақан Аллаға құлшылық ету ниетімен белгілі бір уақытта малды құрбандыққа шалуды білдіреді.
Сұрақ: Құрбан айт биыл жылдың қай күніне дәл келеді?
- Осы жылы Құрбан айт 31 шілдеге (жұма) келеді.
Сұрақ: Мен Құрбан айт алдындағы ораза жайында естігем, сол жайында айтып беріңізші.
- Зулхижжа айының алғашқы он күндігі (10 күн) Аллаға құлшылық ету және сауапты істер жасау үшін ең қасиетті күндер болып саналады, бұл жөнінде көптеген хадистерде айтылады. Қалған барлығынан өзге, құлшылық етудің кең тараған түрі ораза болып табылады. Әсіресе Зулхижжа айының 9 күніне (30 шілде, бейсенті) келетін Арафат күні ораза ұстау маңызды.
Ммам Муслим жеткізген хадисте Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын:
«(Осы күнгі ораза) өткен әрі осы жылдағы күнәлардың өтеуі болады», - деген.
Сұрақ: Қайтыс болған адам үшін құрбандық шалынады ма?
- Қайтыс болған туысы немесе жақсы көретін адамы үшін сауап жеткізу ниетімен Құрбан шалуға болады. Адам өз қаражатына шалынған Құрбанның етін жей алады, бұл үшін сауапты қайтыс болған туысына арнайды. Басқаларға да үлестіріп беруіне болады. Бұндай Құрбанды мейрам күндері ғана шалу міндетті емес.
Егер бір адам қайтыс болғаннан кейін Құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, онда бұл Құрбанды мейрам күндері шалу уәжіп болып табылады. Осындай Құрбан шалып отырған адам оның етін жей алмайды, оны толығымен таратып беруге міндетті.
Сұрақ: Құрбан шалғаннан қандай пайда бар?
1. Ақиқатында Құрбан жылдық дүниелік игіліктер үшін алғыс ретінде құрмет көрсету үшін парыз етілген және осылайша Жаратқанға бізге жүктелген міндетіміз өтеледі.
2. Күнәлар кешіріледі және сауап алынады.
3. Құрбан Қиямет күні иесіне Сырат көпірі арқылы өткізетін көлік және оның құтылуының себебі болады.
4. Кедей мұсылмандарға ет, жүн және терімен көмек беру олардың қарапайым қажеттілігін қанағаттандыруға ықпалын тигізеді.
Сұрақ: Құрбандыққа шалынатын малдың парыз етілуінің деңгейі қандай?
- Ханафи мазхабы бойынша құрбандық шалу уәжіп (парыз) болып табылады. Бұған Жаратқанның сөзі дәлел:
«Сен де Раббың үшін (Оған борыштар екеніңді терең сезіне отырып) намаз оқы және құрбан шал!» (108:2).
Сондай-ақ Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын хадисі де дәлел:
«Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, онда біздің намаз оқып жатқан жерімізге жақындамасын».
Сұрақ: Кімдерге құрбандық шалу парыз?
- құрбандық шалу парыз болу үшін адам:
- мұсылман болуы;
- ақыл-есі сау;
- кәмелеттік жасқа толған;
- азат;
- мүкім болмауы, яғни сапарда болмауы;
- зекет төлей алуға (85 г. алтын құнына тең нисаппен) қажетті аз мөлшердегі табысқа (мүлкі) ие болуы тиіс.
Ескерту: Құрбандық олардың көрсетілген мөлшерде мүлікке ие болуларына немесе ие болмауларына қарамастан балаға, ақыл-есі сау емес адамға жүктелмейді Сондай-ақ олардың атынан құрбан шалуға қамқоршысы уәжіп (парыз) болып табылмайды.
Жолаушы үшін құрбан уәжіп (болып табылмайды. Жолаушы адам деп исламда 80 км астам және одан да көп жүру ниетімен сапарда болған адамды айтады. Ол қаланы тастап шыққан соң жолаушы болады. Бірақ егер ол қандай да бір орында 15 және одан көп күн қалуға ниет етсе, ол жолаушы болып саналмайды.
Құрбан шалу парыз болып табылмайтын адам үшін өз мүмкіндігінен асыра, қарызданып құрбан шалу қажет емес.
Егер құрбандық адам үшін міндетті болып табылмаса (мысалы, жолаушы болса), онда егер қаржылық жағдайы мүмкіндік берсе, құрбан шалу жақсы амал болады.
Сұрақ: Құрбандыққа қандай малдың түрін шалған абзал, қай түрін шалмаған дұрыс?
- Құрбандыққа шалынатын малға:
1. Қой және ешкі;
2. Сиыр, бұқа және енеке (буйвол);
3. Түйелер жатады.
Қой және ешкі бір жасар, ірі қара мал – екі жасар, ал түйе – бесжасар болуы керек.
Қалған жануарларды құрбандыққа шалу жарамайды. Жоғарыда аталған үш түрлі жануардың еркегін де, ұрғашысын да шалуға болады. Қой және ешкіні құрбандыққа шалған абзалырақ. Бірақ егер алты айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға рұқсат.
Бұл жануарлардың дені толық сау және мынадай кемістіктері болмауы тиіс:
1. бір көзі немесе екі көзі соқыр;
2. әлсіз және арық;
3. құлағы немесе құйрығы жоқ (үштен бір бөлігі), тістері (жартысы және көбісі) түсіп қалған;
4. мүйізі сынған;
5. ақсақ;
6. анық көрініп тұратын ауруы.
Сұрақ: Мен Құрбан айтқан қой сатып алдым, бірақ ол піштірілген болып шықты. Оны мен құрбандыққа шала аламын ба?
- Піштірілген малды құрбандыққа шалуға болады. Әбу Рафи':
«Алланың Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қара ала, піштірілген екі қошқарды құрбандыққа шалғанын» айтқан (Ахмад).
Сұрақ: Құрбан шалу рәсімін мейрамның алғашқы күнінен соң келесі күндері жасауға болады ма?
- Құрбандықты айт намазынан соң шалу керек. Бірақ адам қандай да бір себептермен бұны алғашқы күні жасай алмаса, ол рәсімді екінші, үшінші күні күн батқанға дейін жасай алады.
Сұрақ: Бірнеше адам бірігіп құрбандық шала алады ма?
- Әрбір адам құрбандыққа бір қой немесе ешкі шала алады. Адам жалғыз өзі де, жеті адаманан тұратын адамдар тобында да ірі қара малды немесе түйені құрбандыққа шала алады. Оның үстіне, осы топтың барлық мүшелері құрбан ашалуға ниет етулері тиіс. Жәбірден келіп жеткен риуаятта Алланың Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын:
«Сиыр жетеу үшін және түйе жетеу үшін құрбандыққа шалынады» , - деген. (Әбу Дәуд, ән-Нәсаи).
Ескерту: серіктестер Алла үшін құрбандық шалу ниетімен бірігулері тиіс. Егер олардың біреуі тек ет сатып алу мақсатын қойса, онда олардың біреуінің де Құрбаны жарамды болмайды. Шариғат бойынша серіктестер құрбан шалынған малдың етін салмақпен өлшей отыра әркім өзінің үлесін алулары тиіс.
Сұрақ: Құрбандық қалай шалынады?
- Құрбан шалар алдында ниет ету, орын дайында, пышақ қайралуы керек. Пышақты құрбандыққа шалынатын малдың алдында қайрауға болмайды, бұл -мәкрүх. Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын:
«Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар, кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және малды қинамай бауыздасын» , - деген. (Муслим).
Құрбандыққа шалатын малды жерге бір қырынан жатқызғаннан кейін, оның басын құбыла жаққа бұрады және дұға ретінде келесі аятты айтады (бұл амал жақсы, бірақ парыз емес):
«Инна салати уа нусуки уа махиаиа у мәмәти лиллаһи Раббил 'аламина лә шәрика ләһ»
(«Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ»).
Одан кейін:
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллал-лаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп, тәкбір айтылады.
Бұдан кейін: «Бисмиллаһи, Аллаху әкбар» деп бауыздалады. Малдың терісін шешу және етін бөлу тек оны жансыздандырылған соң рұқсат етіледі.
Сұрақ: Малды бауыздар алдында сүре оқу үшін имамды (молланы) шақыру керек пе?
- Малды бауыздау кезінде имамның (молланың) қатысуы міндетті емес. Сүрелер мен дұғаларды оқу да міндет емес. Бастысы, бауыздалар алдында: «Бисмиллаһи, Аллаху әкбар!» деп айту қажет.
Сұрақ: Құрбандық шалуы орнынан садақа ретінде малдың құнын беруге болады ма?
- Құрбан шалу – бұл Аллаға ғибадат ету. Бұл жораның тарихы Ибрахим пайғамбардың, оған Алланың сәлемі болсын, дәуірінен бастау алады. Жаратқан Алла Ибрахим пайғамбарды, оған Алланың сәлемі болсын, сынау үшін және барлық мұсылмандарға бойұсынушылықтың мысалы ретінде оған өзінің ұлы Исмаилды оған Алланың сәлемі болсын, құрбандыққа шалуды бұйырған. Ибрахим пайғамбар, оған Алланың сәлемі болсын, ұлын құрбандыққа шалуға дайын болған кезде, Жаратқан Алла оның бойұсынушылығын сынап болған соң, құрбандыққа шалу үшін қой жіберген және Исмаилдың, оған Алланың сәлемі болсын, өмірін сақтап қалған.
Бүгін, құрбан шала отырып, біз Ибрахим пайғамбардың, оған Алланың сәлемі болсын, қандай ұлы құрбандық жасауға дайын болғаны жөнінде еске түсіру үшін жасаймыз. Біз сондай-ақ бұны Исмаилдың, оған Алланың сәлемі болсын, өмірін сақтап қалғаны үшін Аллаға алғыс белгісі ретінде жасаймыз. Құрбандық шала отырып, адам Аллаға деген шексіз бойұсынушылығын және Пайғамбарлардың, оларға Алланың сәлемі болсын, жолымен жүруін көрсетеді. Сондықтан бұл жоралғының өзі маңызды. Малдың құнын ақшалай беруге болмайды.
Сұрақ: Адам құрбандық шалғанда тек өзі ғана шалу міндетті ме? Басқа біреуге шалғызуға болады ма?
- Адам өзі шалған жақсы (сүннет). Бірақ егер сіз өз қолыңызбен бауыздау рәсімін жасай алмасаңыз, онда сіз өз атыңыздан басқа біреуге жүктей аласыз. Бірақ бұл жағдайда да тікелей рәсім кезінде сіз өзіңіз қатысқаныңыз дұрыс.
«Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қызы Фатима үшін құрбан шалып жатқанда оның өзінің жеке қатысу керектігін, оның қанының алғашқы тамшысы оның өткен күнәларының кешірілуіне себеп болатынын айтқан». (Ибн Хиббан).
Бірақ егер адам рәсімге қатысуға мүмкіндігі болмаса, ол ниет етіп, құрбандық малының құнын беруге және оның атынан жоралғыны жасауды өтіне алады.
Сұрақ: Етті не істеу керек? Оны толық таратып беруі қажет пе?
- Құрбандыққа шалынатын малдың етін үш бөлікке бөлген дұрыс (мұстахаб). Бір бөлігін отбасы қажетіне қалдыру, екінші бөлігін қонақтар үшін қалдыру, үшіншісін жоқ-жітікке таратып беру керек. Алайда толығымен де таратып беруге болады.
Сұрақ: Малдың терісін не істеу қажет?
- Малдың терісін жеке қажеттілікке қалдыруға немесе садақа ретінде беруге болады. Теріні сатуға және ақшаны адам өзі үшін жұмсауға мүлдем болмайды, бірақ бұл ақшаны садақта ретінде беруге болады.
Сұрақ: Мейрам түндері және күндері қандай амалдарды жасаған мұстахаб (жақсы)? Құрбан айтты қалай өткізу қажет?
1. Мейрам түндерін дұғамен және намазбен өткізеді, қаза болған намаздарды өтейді. Құран оқиды және кешірім сұрайды. Мейрам түндері жасалған дұға қабыл болады. Убада бин ас-Самиттен (радыйаллаху ‘анху) жеткен хадисте, Табарани риуаят еткендей, Пайғамбарымыз (саллаллахуәлейхи уә сәлләм): «Рамазан мен Құрбан мейрамдарының түндерін сауапқа үміт ете отырып, құлшылықпен өткізген әрбір жан сол күні (Қиямет) көп жүректер өліп жатқанда, өлмейді», - деген.
2. Мейрам таңында ерте тұрып дәрет алу.
3. Таза немесе жаңа киім кию.
4. Хош иіссу пайдалану.
5. Егер мүмкін болса, намазға жаяу бару, себебі Пайғамбарымыз (саллаллахуәлейхи уә сәлләм) бұл мейрам күндері намаз орнына жаяу барған.
6. Күлімсіреу және қуанышты болып жүру.
7. Кедейлерге және жоқ-жітікке көп садақа беру.
8. Мейрам намазына бара жатқан жолда тәкбір айту.
9. Егер адам Құрбан шалғысы келсе, онда өз Құрбанынының етінің дәмін татпайынша, тамақ ішпегені жақсы.
10. Құрбан етін жеу, себебі Пайғамбарымыз (саллаллахуәлейхи уә сәлләм) солай жасаған.
11. Өз отбасыңа жомартты болу. Ең бастысы мейрам сезіліп тұру керек.
Сұрақ: Мейрамның қандай әлеуметтік пайдасы бар?
Біздің қоғамда мейрамның орны ерекше. Мейрам күндері – бұл мұсылмандардың бірігуі, олардың арасындағы байланыстың және өзара бауырмашылдықтың бекуі.
Мейрамдар үй қамынан демалу және бұдан әрі істерді атқару үшін күш пен сергектік қуатын алу мүмкіндігін береді. Бұл күндері біз туыстарымызбен, көршілерімізбен бас қосамыз. Мейрам таңында мүміндер мешіт толтырады және Жаратқанға бірге жалбарынады, Одан рахымы мен кешірімін сұрайды. Бұл күндері біз ата-анамызды зиярат етіп, олардың батасын алуымыз қажет. Исламда, Аллаға құлшылық етуден және Оның Елшісіне (саллаллахуәлейхи уә сәлләм) бой ұсынудан кейін, ата-анаға мейірімді қарым-қатынас жасау бұйырылады, оларға тіптен «уф» деп те айтуға болмайды. Жолшыбай қарсы кездесен адамдарға сәлем беру, танитындар мен танымайтындарды да мейраммен құттықтау керек. Достарды зиярат ете отырып, олардың хал-жайын сұрау және жақсылық тілеу қажет. Сырқат адамдарға барып, олардың тез сауығып кетуін тілеген абзал. Жетімдер мен ата-анасынан айырылған балаларға көңіл бөліп, оларды мейірімге бөлеу керек. Кедейлер мен мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, мейрамның қуанышын бастарынан өткізуге мүмкіндік беру қажет.
Біздің дұғамызды күтіп жүрген жандардың қабірлеріне барып, рухтарына Құран бағыштау қажет. Араздасып жүрген таныстардың арасынан табыстыру, балаларға сыйлықтар тарату керек. Бізге Ислам бұйырғандай, қоршаған адамдармен ең көркем түрде араласып және қарым-қатынас жасап, теріс және лайықсыз қылық пен әрекеттен аулақ жүрген абзал.
Сондай-ақ қараңыз: Онлайн құрбан шалуға тапсырыс берудің алгоритмі | Qurban2020
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.