САБЫР МЕН ШҮКІР ИМАННЫҢ ҚОС ҚАНАТЫ
Жалпы сабырлық жөнінде мақала жазбастан бұрын осы сөздің негізі мағынасына тоқталып өткеніміз жөн.
Сонымен сабырлық дегеніміз ол өзін харам нәрселерден тыйып, оқшаулау және Алланың әмірлерін орындауға бекіну ,осы арқылы ол шағымдану сияқты сипаттардан тыйылып, Алланың берген тағдырына риза болу болып табылады. Жалпы сабырлық жөнінде орын алған жағдайларға байланысты ашуға болады .
Сабырлық бұл ұлы құлшылық. Құран кітабында бірнеше аяттармен нақты дәлелдер келтірілген.
Мысалы мына аятта Юсуф сүресі 90 аятта: «Егер ол тақуалыққа бет бұрса және сабыр етсе алла тағала жақсы амалдардың сауабын жоймайды», - делінген. Бұрынғы заманнан адамзат баласы сабырлықты қуанышпен байланыстырып келген. Өйткені сабырлық арқылы адам баласы өзінің өмір тағдырына Алла берген риза болып, ешқандай қайғырмай қайта керісінше Алладан болатын жақсылықты сабырлықпен күткен. Сөйтіп ол дүниедегі және ақыреттегі жеңіске сабырлықтың шыңымен жетіп отырған.
Сабырлықтың түрлері
Сабырлықтың негізі түрлері өте көп. Солардың ішінде сабырлықтың ең ұлысы деп айтуға болатыны - ол Алланың әмірлерін орындау үшін болатын сабырлық. Сондай-ақ сабырлықтың арасында ораза айында аштықпен шөлдегенде болатын сабырлық. Түнде тұрып дәрет алып, құлшылық жасауға сабырлық. Жалпы құлшылыққа байланысты сабырлықты кең тарқатып айтуға да болады. Адамзат баласы осы сабырлық арқылы сауабын бір Алладан үміттеніп шексіз ризашылыққа бөленеді. Алла Тағала Құран кітабында Бақара сүресі 153 аятта: «Ей иман келтіргендер! сабырлықпен және құлшылықпен жәрдем сұраңдар, әлбетте Алла Тағала сабырлы болғандармен бірге» –делінген.
Сабырлықтың тағы бір маңызды 2 түрі: ол күнәлі істерді орындамауға сабыр ету. Сабырлықтың осы түрі арқылы адам баласы өзін нәпсісімен күресу арқылы адамзаттың дұшпаны болған шайтанның арбауына түспейді. Осылайша ол қиыншылыққа сабыр етіп, бүлінушіліктен қорғалады. Бұл әрекеті әрине Алланың разылығы үшін орындалады. Бұл жөнінде мысалдар өте көп. Юсуф пайғамбардың зинақорлықтан сақтануы, арақ ішімдіктерінен алыста болуы, тағы басқа мысалдар өте көп екенін білеміз. Міне осы жағдайлар адам баласына Алладан қорқу сипаттарын ұялату арқылы қорлықтан өзін сақтайды.
Сабырлықтың келесі 3 түрі - ол бақытсыз тағдырға сабыр ету. Адамзат баласы өзінің өмірінде неше түрлі қайғыларға ренішке кенеледі. Кейде адам Алланың берген тағдырына сабырлық танытпай іс-әрекеттерге, болымсыз сөздерге жол береді. Құран кітапта Алла адамзат баласын әртүрлі жағдайлармен сынайтыны баяндалады. Бақара сүресінде 155 аятта: «Мен сендерді қорқынышпен, аштықпен, дүние мүліктеріңмен, нәпсілеріңмен, еккен егіндеріңмен сынаймын. Бірақ та сабыр еткендер үшін қуанышты сый бар», - деп аяқтайды. Осы мысалдар арқылы адам баласы өмірінде кедейлікке душар болуы, аш болуы, ауруға шалдығу, жақсы көретін адамымен қоштасуы т.б мысалдар өте көп. Егер осы сәттерде адам баласы сабыр етіп, Алладан үмітін үзбей жақсылық болатынына сенсе, оған шексіз Алладан жақсылықтар болады. Әрине сабырлық оңай емес, айтуға оңай болғанмен іс түскенде сабыр ету ыждаһаттылықты талап етеді. Кейбір адамдар сабыр етпей тағдырға наразы болып, Аллаға қарсы әрекеттер жасап кетеді. Сондықтан да адам баласы қандай жағдай болмасын сабыр етіп, Алладан үмітін үзбей, түбінде жақсылық болатынына сену керек.
Сабырлықтың сауабы
Сабыр етуші адамға Алладан ерекше сауабы болады. Өйткені ол Алланың берген сынағы деп қабылдады. Сол үшін де Алла оған разы болады. Алланың алдында хақысы болады және Алла сабыр етушіні ерекше жақсы көреді. Ақыретте ізгі қошеметке ие болып, жаннатта орны болады. Сабыр еткендер басқаларға үлгі болады. Пайғамбарлар сабырлықтың шыңын көрсетіп адамзат баласына үлгі болды. Сабыр етушілер жөнінде Алла Құранда бірнеше аяттарда баяндауының өзі құрметтің ерекшілігін көрсетеді.
Әрине сабырлық жөнінде бірнеше кітаптар жазылса да артық етпейді, бірақ та мақаламыздың қорытындысында өмірдің қас қағым сәт екенін білеміз, сондықтан да өмірімізде болып жатқан сынақтарға төтеп беріп, Алланың разылығына бөленейік. Жақында бауырлас Түркия және Сирия елдеріндегі жағдай адамзат баласына үлкен ғибрат берді. Қаншама адамдар жақындарынан, дүние-мүліктерінен айырылды. Бірақ та үміт үзілген жоқ, көшеде шашын жайып, айқайлап жатқандар жоқ, керісінше сабырлықтың жоғары үлгісін көрсетті. Алланың берген тағдырларына сабырлық танытты.
Алла Тағала баршамызға амандық берсін отбасымызды елімізді түрлі сынақтардан сақтасын.
Жүректерімізге имандылық мінездерімізге көркемділік нәсіп етсін! Әумин!
Алматы қаласы
Әл-Хамид мешітінің бас имамы
Асылхан қажы Өмірзақұлы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.