САҚАЛ БОЯУҒА БОЛА МА?
Имам әл-Хаскафи өзінің Дуррул мухтар кітабында бұл мәселе жөнінде былай дейді: "Ер кісілерге (ағарып, ұсқынсыз болып қалған) шаш-сақалын (су өтетіндей) бояуы мустахаб", - себебі, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын):
إن اليهود والنصارى لا يصبغون، فخالفوهم
«Яхудилермен Насаралар шаш-сақалдарын боямайды сендер оларға қайшы келіңдер»[1].-деп, басқа дін өкілдері шаш-сақалы ағарып кетседе боямайтынын, сондықтан мұсылманға оларға ұқсамай, ағарған шаш-сақалды бояу мұстахаб екенін білдірді.
Ең дұрыс пікір бойынша бұл үкім соғыс жағдайы болмаса да осылай қалады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шаш-сақалын боямаған. Ал шаш-сақалды қараға бояу ерлерге мәкрух, әлсіз көз қараста мәкрух емес деп те айтылған». Имам Ибн Абидин осы мәтінді төмендегідей ашықтайды: Ал шаш-сақалдан бөлек, аяқ-қол түктерін бояу мәкрух, себебі онда әйелдерге еліктеу бар. Ал Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) бояуды қолданбаған себебі, ол кісі бояуға мұқтаж болған жоқ, Бухариде келген риуаятта ол кісінің шаш-сақалында он жеті тал шашы ғана ағарғаны айтылады. Әбу Бәкірдің (Алла ол кісіден риза болсын) қынамен шаш бояғандығы, бірақ оны жасырғандығы риуаяат етіледі. Қарамен шаш-сақал бояу аз-Захира кітабындай айтылғандай: «Соғыс кезінде дұшпанды қорқытуға көмек бергендіктен мақтаулы амал болады, ал егер соғыстан басқа кезде өзіне немесе әйелге жағу үшін зейнет ретінде қолданса, бұл мәкрух болады және көпшілік Ханафи ғұламалары осы пікірде, кей ғалымдар қараға бояу мәкрух еместігін айтады. Имам Әбу Юсуф айтты: Әйелім маған қалай зейнеттенгенін қаласам, олда менің солай зейнеттенгенімді қалайды»[2].
Бұл – шаш-сақалды бояудың шариғаттағы үкімі. Оның дәретке байланысты үкіміне келсек, шаш-сақалды шариғатымыз белгілеген бет (яғни, тігінен – маңдайдың шетінен бастап иектің астына дейін, ал көлденеңінен – оң құлақтың жұмсағы мен сол құлақтың жұмсағына дейінгі аралығын) жуудың және басқа масих тарту аясына кіреді. Сондықтан су өткізбейтіндей краскамен шаш-сақалды бояу, ғұсыл-дәретке кедергі болғандықтан шариғатымызда харам болып табылады.
Қорытынды:
- Шаш-сақалы ағармаған адам Пайғамбарымыздан үлгі алып бояу қолданбағаны құпталады.
- Ерлерге ағарып, ұсқынсыз болып қалған шаш-сақалды қарадан басқа, әйелдерге ұқсап қалмайтындай реңмен бояу мустахаб.
- Соғыс жағдайында шаш-сақалды қараға бояу жақсы көріледі.
- Шаш-сақалдан бөлек түктерді бояу мәкрух.
- Шаш-сақал бояйтын зат су өткізетін болуы керек, егер олай болмаса сол затты бояу ретінде қолдану харам болады және осы шарт әйелдерге де қатысты.
Елбек Тасболатұлы
Алматы қаласы бойынша
Пәтуа бағытына жауапты найб имам
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.