СҮНДЕТКЕ ОТЫРҒЫЗУ САЛТЫ
Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!
«Ашамайлы атқа міндің,
Мұсылмандық таққа міндің.
Сүндетке отырғаның – иманды болғаның,
Тойын тойлап, думанды болғаның», - деп ата-бабаларымызбалаларын сүндетке отырғызған болатын. Яғни атқа мінер жасқа толған (3 жасқа) ұл балаға шілдеханадан кейінгі жасалатын үлкен тойлардың бірі – ол сүндет тойы.
Қазақ халқы баланы сүндеттеуді - ислам дінін қабылдағаннан кейінгі салтына сіңірген дәстүрдің бірі болып табылады. Халқымыз баланы сүндетке тақ жасында отырғызған. Үш жаста, бес, жеті, тоғыз, одан кеш дегенде он үш жасында сүндеттеген. Дегенмен, он үш жастан кешіктіруге болмайды. Өйткені, баршамызға белгілі шариғат бойынша ұл бала он үш (13 жас) жасында, ал қыз баласы он-он бір (10-11) жасында балиғат жасына толады.
Қазақ халқы сүндетке отырғызылған баланы «міне, енді азамат болдың»,-деп ағайын-туысты жинап ұлан-асыр той жасайтын болған. Бар жақсыны балаларының алдына қоятын қазақ халқы сәби дүниеге келгеннен бастап өмірінде маңызды деп атаған күндерін тойға айналдырған. Мысалы, құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесер және сүндет той (ұл балаларға). Ағайын туысты жинап сүндеттелген баланың құрметіне той жасайтын кезде, осы тойда әсіресе баланың нағашылары үлкен рөл атқарады. Өйткені, қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек екенін жақсы білеміз. Баланың нағашы жұртынан, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады.
Мысалы, қазіргі кезде нағашылары бір тай мінгізіп жатады, ал бұрынырақта «қырық серкеш» берсе, бір жерде «қырық шұбар тай» берген екен. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін – малын айдап келген. Оны өздеріне міндет ретінде қараған. Ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне берілген жеке мал басының жиналуынан басталған десек артық болмайды.
Сүндет той жасау бала қарақұлақтанып қатарға қосылған күннен бастап ат жалын тартып мініп, азамат атанғандығының алғашқы белгісі болып саналады.
Ал, осы мәселені яғни сүндеттеуді діни тұрғыдан қарайтын болсақ, сүндеттеу – тамыры тереңге жайылған діни әдет-ғұрып. Сүндетке отырғызу – тазалықтың, пәктіктің, мұсылмандықтың белгісі.
Ислам дінінде баланы сүндетке отырғызу үлкен мәнге ие, әрі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннет амалын жасау болып табылады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген:«Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Олар: баланы сүндетке отырғызу, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау және тырнақты алу». Хадисте айтылғандай, сүндетке отыру – адамзат жаратылысымен астасып жатқан сипаттардың бірі. Бұл дәстүр – Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) бері келе жатқан ханифи дінінің рәмізі. Дерек көздерге қарайтын болсақ, өзге де пайғамбарлар сүндетке отыру арқылы осы рәсімді дәстүрге айналдырған.
Тағы да бір хадистерде «Ибрахим алейһиссалам 80 жасында (сүннет әмірі келген кезде кешіктірмеу үшін) балтамен өзін сүндеттеді»- деп келтіріледі.
«Сүндетсіз адам 80 жасында болса да, мұсылман болған кезде сүндетке отырғызылады». (Бәйһақи)
«Расулуллаһ мұсылман болған еркекке 80 жасында болса да сүндетке отыруын әмір ететін еді».(Табарани)
Өздерін Мұса пайғамбардың (а.с.) ұрпағы санайтын яһуди дініндегілерде де сүндеттеу дәстүрі бар. Яки, тазалықты сақтау әдеттерін Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға бұйырған болатын. Ал, пайғамбарымыздың(с.а.с.) хадистерінде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Алланың әмірімен сүндетке отырғаны айтылады.
Мәселен, дінімізде төрт мәзһаб бойыншада сүндетке отырғызудың үкімі әртүрлі болып келеді. Яғни, имам Мәлік, имам Шафиғи және имам Ахмадтың пәтуаларына қарайтын болсақ сүндетке отырғызу – әрбір ер мұсылманға міндетті іс (уәжіп) деп санайды. Тіпті мәлики мәзхабында сүндетке отырғызылмаған адамның имамдыққа шығуына да болмайды және ол адамның куәгерлігі де қабыл емес деген қатаң тұжырым бар. Ал, имам Ағзам Әбу Ханифа сүндетке отыру – Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннеті, діннің бір рәмізі деп тоқталған болатын.
Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген осы бір игі дәстүрін қазіргі таңда медицина да қуаттап, денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдеуде. Ал, сүндеттелмеген ер балалардың жыныс мүшесінің басында инфекцияның пайда болу қаупі жоғары екенін медицина ғылыми түрде дәлелдеп берген болатын.
Бүгінгі таңда осы тақырып бойынша АҚШ-та жиырмадан астам ғылыми деректер жарық көргенін атап өту керек.Ал, соңғы мәліметтер бойынша дүниежүзінде ер адамдардың алтыдан бір бөлігі сүндетке отыратын көрінеді. АҚШ-тың педиатрлық академиясы мен медицина қауымдастығының мәлімдемелері бойынша, сүндетке отыруды ескіліктіңжұрнағы ретінде қараудың мәні жоқ яғни ер баланы сүндетке отыруғызуына медицинада ешқандай да қарсылық жоқ екенін жариялаған болатын.
Мысалы, Аустриялық ғылыми зерттеушілердің жуырда ашқан медициналық жаңалығында «ер адамдардың ішінде ЖҚТБ-ға (СПИД) шалдыққандардың басым көпшілігі – сүндеттелмегендер» болып шыққандығын дәлелдеген еді. Өйткені ЖҚТБ вирусы ең әуелі жыныс мүшесінің ұшын зақымдайтын көрінеді.
Қорытындылай келе, жоғарыда айтылған медициналық-ғылыми дәлелдерге қарап отырып, асыл дініміз бен ата-бабаларымыздың тазалыққа қатты мән бергенін, сүндеттеудің ер баланың өмірінде үлкен орын алатынын жақсы түсінген байқауға болады.
Нұрмағамбетов Парахат
Абай Құнанбайұлы мешітінің найб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.