ТАРАУИХ - РУХАНИ НӘР БЕРЕТІН ҚҰЛШЫЛЫҚ
Міне айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Бұл айда пенде Алла разылығы үшін ораза тұтып, соның жақсылығын ақыреттен күтеді. Рамазан айындағы әр құлшылықтың сауабы еселеніп қайтады деп жатамыз. Сондай сауапты амалдардың бірі «Тарауих» намазы. Тарауих намазы мұсылмандардың бойына сергектік ұялатып, Аллаға деген сенімін бір сатыға болса да жақындататыны сөзсіз.
Рамазан айы кезінде ұлық екі мейрам саналған айт намаздарындағыдай жамағаттың жиналатын сәті де осы «Тарауих» намазы. Себебі, бұл айда Алла Тағала шайтандарды кісендеп, пенденің бойындағы нәпсісі әлсірей түсетін шақ. Осынау керемет сәтте мешітке ағылған жандардың қарасының көптігін көріп іштей қуанасың. Иә, бұл да Алланың бізге берген үлкен нығметтерінің бірі ғана болса керек.
Тарауих намазы жиырма рәкәғат. Әр екі рәкәғаттан соң сәлем бергенімен, әр төрт рәкәғаттан соң бір сәт демалғаны үшін бұл төрт рәкәғатты «таруиха» деп атайды. Бір тарауих намазында бес таруиха бар. «Таруих» - дем алу деген мағынаны білдіреді. Көпше түрі – тарауих.
Жалпы Тарауих намазы жайлы айтар болсақ, "Ардақты Елші Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл намазды сахабаларымен бірге жамағатпен оқып, олардың ықыласының ашылуын көргенде парыз болып қала ма деп қорқып, оны ары қарай жалғыз оқыды" (Бұхари, Салату-т-тарауих 1). Тағы да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан намазын (тарауихты) иманмен және сауабын Алладан тілеп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», - деген. (Бұхари, Салату'т-Таравих, 1; Муслим, Салатул-Мусафирин, 173) осылайша тарауих намазын оқуға ынталандырды. Айша анамыз былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін мешітте тарауих намазын оқыды. Мұсылмандар да оған ұйып тарауих намазын бірге орындады. Ертесі күні таң атысымен осы мәселені бір-біріне түсіндіре бастады. Екінші күні кешке мешітке жиналған мұсылмандар саны көбейе бастады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке келіп оларға намаз қылдырды. Таң атқаннан кейін жамағат бір-біріне бұны да түсіндіре бастады. Үшінші күні жамағат саны кешегіден де артты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешкісін жамағат алдына шығып намаз өткізді. Төртінші күні кешке мұсылмандардың көбейгені соншалық, мешітке сыймай кетті. Бірақ Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тарауих намазын оқу үшін көпшілік алдына шықпады. Кейбіреулер намаз оқу үшін жиналғандарын ескертуге тырысқанымен, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таң намазына дейін олардың алдына шықпады. Таң намазын оқып болғаннан кейін жамағатқа бет бұрып шахадат сөзін айтты да: «Жамағатпен тарауих намазын оқудағы әрекеттеріңізді көрдім. Алдарыңа шығуға кедергі болған нәрсе мынау еді, мен осы намазды өздеріңе парыз етіп қабылдап, бұл намазды өтеуде әлсіздік танытып күнәға бой алдырасыңдар ма деп уайымдадым», - деді». [Бухари, Муслим, Ахмед ибн Ханбал]
Осыған байланысты тарауих намазы ерлер мен әйелдер үшін сүннет-и муаккада болып табылады. Тарауих намазын төрт ракағатта бір сәлем беріп оқу рұқсат болғанымен, екі ракағатта сәлем беріп оқу абзал. Бұл намаздың әрбір төрт рәкәғатының соңында біраз уақыт отырып демалу – мұстахаб.
Тарауих намазы – бес уақыт намазға тәуелді болмағанымен, белгілі бір уақыты бар намаз. Рамазан айында құптан мен таң намазы аралығында оқылатын жиырма рәкәғаттан тұратын бұл құлшылық – мүәккәд сүннет (бекітілген, күшті сүннет) қатарына жатады. Ия, рамазанда тарауих намазын оқу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Риуаят бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала рамазан айында оразаны парыз етті. Мен де тарауих намазын мұсылмандарға сүннет қылдым», - деп айтқан. [Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд]
Тарауих намазы еркектер мен әйелдер үшін мүәккәд сүннет. Өйткені, бұл намазды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да, әділ халифалар мен қадірменді сахабалар да оқыған. Тарауих намазын жамағатпен оқу – сүннет.
Ханафи мәзхабы тарауих намазының рәкәғат саны мәселесінде Омардың (р.а.) ұстанымына сүйенеді. Омар (р.а.) мемлекет басшысы ретінде адамдарға пайғамбар мешітінде халифалығының соңғы жылдарында тарауих намазын жиырма рәкәғат қылып оқытқан. Ол уақытқа дейін адамдар тарауих намазын жеке өз бастарына оқитын. Омар (р.а.) мешітке келгенде жамағаттың бәрі өз бетінше намаз оқып жатқан болатын. Сондай тәртіпсіздікті байқаған Омар (р.а.) сол күннен бастап бір имамның артында жиырма рәкәғат тұратын тарауих намазын оқуды бұйырған. Әділ халифалардан кейін тарауихтың жиырма рәкәғат болып жамағатпен оқылуына ешкім қарсы шықпаған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менен соң менің сүннетімнен және әділ халифаларымның сүннеттерінен алшақтамаңдар», - деп айтқан. [Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжә]
Екіншіден, Ибн Аббастың рамазан айында жамағаттан бөлек тарауих намазын жиырма рәкәғат оқығаны, артынан үш рәкәғат үтір намазын оқығаны риуаят етілген. [Шәуқани ІІІ,53]
Әбу Ханифадан Омардың (р.а.) істеген бұл ісі туралы сұрағанда былай деп жауап берген: «Тарауих – күшті сүннет. Омар (р.а.) оны өздігінен шығарған жоқ. Бұл жайлы ешқандай жаңа нәрсе де қоспаған. Ол тек мұны өзі білген дәлелге сүйене отырып орындаған. Алла елшісінен көргенін орындаған».
Тарауих намазының ұнамды, сауабы мол болу мақсатында келесі амалдар орындалса нұр үстіне нұр болары анық:
Әр екі немесе төрт рәкәғатта сәлем беру.
Әр төрт рәкәғатта сәлем бергеннен кейін, намаздың «тарауих» деп аталуына сай демалу. Демалу уақытында түрлі зікір, дұға етіліп уағыз айтылса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай үндемей отырудың өзі – ғибадат. Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану – жамағаттың ықтиярындағы іс.
Тарауих намазында құранды бір рет хатым ету. Негізінде рамазан бойы тарауих намазын оқу барысында Құранды бір рет хатым ету, яғни басынан аяғына дейін оқып шығу – сүннет.
Тарауих намазын мешітте оқу. Себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз.Сахабалардан ешкім бұған қарсылық білдірмеді және оны ғалымдар солай қабылдады. Қазіргі таңда қасиетті Мекке және Мәдина мешіттерінде және де көптеген ислам елдерінде, соның ішінде біздің елімізде тарауих намазы жамағатпен 20 рәкағат болып оқылады. Алайда тарауих намазы нәпіл құлшылық болғандықтан, оны парыз деп есептеу дұрыс емес екенін де айта кеткен жөн. Осы себепті шаршау, жұмысбастылық және осыған ұқсас себептермен тарауих намазы үйде 8, 10, 12, 14, 16 немесе 18 ракағат оқылса, сүннет орындалады. Бірақ жамағатқа қосылуға тырысқан дұрыс.
Қысқаша айтсақ Тарауих намазы пенденің бойына рухани нәр беретін ұлы құлшылықтардың бірі деп айтсақ артық етпес. Себебі, 20 рәкағат намаз оқыған адам баласы әрбір 4 рәкағаттан кейін Тарауих тасбихын оқып, Аллаға зікір, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, жан рахатына бөленеді. Бұл намаз сүннет амал болып бекітілгенімен, жамағатпен оқыған абзалырақ болған намаз түрі. Осылайша қасиетті Рамазан айында жүрегі Алла деп соққан бай да пақыр да, басшы мен қосшы да бір сапта намазға тұрып, жаратқанның алдында тең дәрежеде тұрғанын сезетін керемет шақтың бірі. Осы айда барынша сауапты іс жасауға асығып тұратын мұсылмандардың ауызбіршілігін де арттыратын осы Тарауих намазы десек орынды болар.
Алла еліміздің тәуелсіздігін баянды етсін! Келесі Рамазанға басымыз аман, бауырымыз бүтін жетуді Алла өзі нәсіп еткей! Қасиетті айдағы әр құлшылық-ғибадат пен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын демекпіз!
Ерлан Құлмырзаұлы
"Әбу-Бәкір" мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.