Түрлі жаманшылықтан және жұқпалы аурулардан сақтану үшін оқылатын дұғалар
Күллі әлемге қорқыныш сепкен жұқпалы дерттің күн санап күшейіп, барған сайын батпандай салмағы ауырлап келеді. Еліміз бойынша екінші мәрте карантин режимі енгізіліп, жер-жерде жедел шаралар ұйымдастырылып жатыр. Дегенмен, дендеп кірген дерттің кесірінен бүгінге дейін қаншама шаңырақ қара жамылып, қаншама азаматтарымызды қара жердің қойнына тапсырдық десеңізші. Әлеуметтік желі бетін ашқан сайын естіртулер мен қаралы хабарлардан көз тұнып, «Ия, Раббым, халқымызды осы бір қатерлі аурудан аман сақтай гөр!» деп еріксіз күбірлей түсетін күйге жеттік осы күні. Ауырып жатқан әлдекімді естісек, шипа тілеп шыр-пырымыз шығып жатады.
Осы орайда, «дұға – мұсылманның қорғаны» демекші, назарларыңызға ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадистердегі түрлі жаманшылықтар мен қатерлі дерттен, ауру-сырқаудан сақтану жайлы, шипа сұрау турасында айтқан дұғаларын ұсынамыз! Өйткені, дұға – мұсылманның қорғаны, діннің тірегі, Алла мен құлды байланыстырушы көпір. Бүкіл тіршілік иелері Жаратушыға мұқтаж. Тіпті шыққан демнің қайта кіреріне, жұтылған астың қорытыларына, батқан күннің қайтып шығарына кім кепіл?! Адам баласы Алланың рақымынан құр қалмас үшін әрдайым дұғада болғаны ләзім.
Кезінде сауыт кимей соғысқа шығып жүрген бір батыр анасын ақтық сапарға шығарып салған кезде қайтадан соғыс басталып, майданға аттанады. Қасындағы достары анасынан көз жазып қалған батырдың бұл жолы кеудесін оқтан қорғайтын сауыт киіп дайындалып жатқанын көріп таң қалады да себебін сұрайды. Сонда әлгі жаужүрек батыр:
«Мен бұрын соғысқа шыққанда анам үйде отырып дұға жасап, тілеуімді тілейтін. Анамның дұғасын Алла Тағала қабыл ететініне сенімді болғасын сауытсыз аттанып жүрдім. Ал енді мен үшін дұға жасайтын анам бақилық болды...» деп күрсінген екен.
Мінеки, сол батырды талай қырғыннан, жаудың атқан жебесінен Алланың қалауымен анасының дұғасы қорғаған болса, бізді де жасаған дұғамыздың қорғайтынына сенімді болуымыз керек.
Алла Тағала Құранда:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«Менің пенделерім! Сендерден Мен туралы сұраса, ақиқатында Мен оларға жақынмын, Маған дұға жасаса (тілек тілесе) жауап беремін. Ендеше, олар да Менің әмірімді орындасын. Иман келтірсін, мүмкін олар тура жолға түсер», – деген.
Ия, қорқыныш пен қайғы қос өкпеден сығымдаған осындай қысылтаяң шақтарда әрқайсымыздың жүрегімізде үміт пен сенім оты күшейіп, Отанымызға, елімізге, отбасымызға, жақындарымызға деген жанашырлық пен қамқорлығымызды қолдан келгенше аямауымыз қажет. Алланың қалауымен қиындықтан шығар жолдың да табылып, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың бұл сынақты аман өткеруін күнделікті дұғамызға қосып отырсақ, ол да болсын елге тигізген көмек болары анық.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өзінің мүбәрак хадисінде былай деген:
لَيْسَ شَيء أكْرَمُ عَلَى الله تَعالى مِنْ الدّعَاءِ
«Алланың алдында дұғадан құрметтірек (қадірлірек) еш нәрсе жоқ».
« اللَّهُمَّ رَبَّ السَّمَوَاتِ وَرَبَّ الأرْضِ وَرَبَّ العَرْشِ العَظِيمِ، رَبَّنَا وَرَبَّ كُلِّ شيءٍ، فَالِقَ الحَبِّ وَالنَّوَى، وَمُنْزِلَ التَّوْرَاةِ وَالإِنْجِيلِ وَالْفُرْقَانِ، أَعُوذُ بكَ مِن شَرِّ كُلِّ شيءٍ أَنْتَ آخِذٌ بنَاصِيَتِهِ، اللَّهُمَّ أَنْتَ الأوَّلُ فليسَ قَبْلَكَ شيءٌ، وَأَنْتَ الآخِرُ فليسَ بَعْدَكَ شيءٌ، وَأَنْتَ الظَّاهِرُ فليسَ فَوْقَكَ شيءٌ، وَأَنْتَ البَاطِنُ فليسَ دُونَكَ شيءٌ، اقْضِ عَنَّا الدَّيْنَ، وَأَغْنِنَا مِنَ الفَقْرِ».
Мағынасы: «Аспан мен жердің әрі ұлы Аршының Раббысы. Сондай-ақ, біздің және барлық нәрсенің Раббысы. Дән мен дәнекті жарушы, Тәурат, Інжіл және Құранды түсіруші. Сен барлық жаратылыстың жамандығынан сақтаушысың. Сен Әуелгісің, өйткені Сенен бұрын еш нәрсе болған емес. Сен Мәңгісің, Сенің соңың жоқ. Сен Көрнеусің (әр түрлі дәлелдермен), Сенің үстіңде еш нәрсе жоқ. Сен Жасырынсың (ақыл жетпейтін), Сенің астыңда еш нәрсе жоқ. Бізді қарызымыздан құтқарып, әрі кедейліктен сақтап, байыта гөр».
« اللهم اهدِني فيمن هديتَ، وعافني فيمن عافيتَ، وتولَّني فيمن تولَّيتَ، وبارِكْ لي فيما أعطيتَ، وقِني شرَّ ما قضيتَ، إنك تَقضي ولا يُقضَى عليك، إنه لا يَذِلُّ من والَيتَ، تباركْتَ وتعالَيْتَ».
Мағынасы: «Уа, Алла! Өзің тура жолға салған кісілердің қатарында мені де тура жолға сал. Өзің есендік берген кісілердің қатарында маған да есендік бер. Өзің қамқорлық еткен кісілердің қатарында маған да қамқорлық ет. Берген нәрселеріңді маған берекелі ет және мені алдын ала шешіп қойған нәрселеріңнен сақтай гөр. Расында, Сен үкім етесің, ал Саған ешкім үкім ете алмайды. Шынында, Сен дос тұтқан пендең қор болмайды. (Ал Сен Өзіңе жау тұтқан пендең қадірлі болмайды) Уа, Раббымыз! Сең Игі-берекелі әрі Аса Жоғарысың!»
« اللَّهُمَّ اغْفِرْ لي خَطِيئَتي وَجَهْلِي، وإسْرَافِي في أَمْرِي، وَما أَنْتَ أَعْلَمُ به مِنِّي، اللَّهُمَّ اغْفِرْ لي جِدِّي وَهَزْلِي، وَخَطَئِي وَعَمْدِي، وَكُلُّ ذلكَ عِندِي، اللَّهُمَّ اغْفِرْ لي ما قَدَّمْتُ وَما أَخَّرْتُ، وَما أَسْرَرْتُ وَما أَعْلَنْتُ، وَما أَنْتَ أَعْلَمُ به مِنِّي، أَنْتَ المُقَدِّمُ وَأَنْتَ المُؤَخِّرُ، وَأَنْتَ علَى كُلِّ شيءٍ قَدِيرٌ».
Мағынасы: «Уа, Раббым! Мен қатем үшім, білімсіздігім үшін, барлық шектен шыққан істерім үшін және менен де жақсы білетін нәрселерің үшін кешірім сұраймын. Уа, Алла! Қателіктерімді, әдейі істегенімді, білмей істегенімді және әзілдеп істегенімді кешір. Бұның барлығы да менің мойнымда бар. Уа, Алла! Бұрынғы істегенімді, кейінгі істегенімді, жасырын әрі жария істегенімді де кешіргейсің. Сен – Муқаддимсың (ілгерілетуші), Сен – Муаххирсың (кейінге қалдырушы). Сенің әр нәрсеге құдіретің жетеді».
« أَعُوذُ باللَّهِ وَقُدْرَتِهِ مِن شَرِّ ما أَجِدُ وَأُحَاذِرُ».
Мағынасы: «Мені мазалаған жамандықтың кесірінен Алланың құдыретіне және ұлықтығына сыйынамын».
« اللَّهُمَّ أَصْلِحْ لي دِينِي الذي هو عِصْمَةُ أَمْرِي، وَأَصْلِحْ لي دُنْيَايَ الَّتي فِيهَا معاشِي، وَأَصْلِحْ لي آخِرَتي الَّتي فِيهَا معادِي، وَاجْعَلِ الحَيَاةَ زِيَادَةً لي في كُلِّ خَيْرٍ، ».
Мағынасы: «Иә, Алла, амандығымның кепілі болған дінімді және бұл дүниедегі өмірімді дұрыстай гөр. Сондай-ақ, менің Өзіңе қайтып оралғандағы ақыреттік өмірімді дұрыстай гөр әрі менің өмірімді жақсылықтардың қосымшасы ете гөр».
« أَذْهِبِ البَاسَ، رَبَّ النَّاسِ، وَاشْفِ أَنْتَ الشَّافِي، لا شِفَاءَ إلَّا شِفَاؤُكَ، شِفَاءً لا يُغَادِرُ سَقَمًا».
Мағынасы: «Уа, адамзаттың Раббы. Қиындықты кетір. Дерттерге шипа бер. Сен – шипа берушісің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауру-сырқат түгілі аурудың ізі қалмайтындай шипа бере гөр».
« اللهمَّ عافِني في بدني، اللهمَّ عافِني في سمعي، اللهمَّ عافِني في بصري».
Мағынасы: «Уа, Алла. Тәнімді сау-саламат ет! Уа, Алла. Естуімді сау-саламат ет! Уа, Алла. Жанарымды сау-саламат ет!»
« أعوذُ باللَّهِ السَّميعِ العَليمِ مِنَ الشَّيطانِ الرَّجيمِ مِن هَمزِهِ، ونَفخِهِ ونَفثِهِ».
Мағынасы: «Шайтанның зиянынан, оның тәкаппарлығынан және шайтанның дем салып, үрлеуінен Аллаға сыйынамын».
« أَعُوذُ بكَلِمَاتِ اللَّهِ التَّامَّةِ، مِن كُلِّ شيطَانٍ وهَامَّةٍ، ومِنْ كُلِّ عَيْنٍ لَامَّةٍ».
Мағынасы: «Алланың кәміл сөздерімен бүкіл шайтаннан, әртүрлі зиянкестен, әрбір сұқ, жаман көздің кесірінен пана сұраймын».
« اللَّهُمَّ خَلَقْتَ نَفْسِي وَأَنْتَ تَوَفَّاهَا، لكَ مَمَاتُهَا وَمَحْيَاهَا، إنْ أَحْيَيْتَهَا فَاحْفَظْهَا، وإنْ أَمَتَّهَا فَاغْفِرْ لَهَا، اللَّهُمَّ إنِّي أَسْأَلُكَ العَافِيَة».
Мағынасы: «Уа, Раббым! Сен менің жанымды жараттың, оны алушы да Өзің. Өлтіру, тірілту – Сенің құдіретіңде. Егер өмір берсең, оны Өзіңнің салиқалы құлдарыңды сақтағаныңдай (бәле-жаладан) сақтай гөр! Ал егер жанымды алсаң, оны шексіз рақымыңа бөлей гөр! Я, Жаратқан Ием, Сенен жарылқау мен есен-амандық тілеймін!».
« هُوَ اللَّـهُ الَّذِي لَا إِلَـهَ إِلَّا هُوَ عَالِمُ الْغَيْبِ وَالشَّهَادَةِ هُوَ الرَّحْمَـنُ الرَّحِيمُ* هُوَ اللَّـهُ الَّذِي لَا إِلَـهَ إِلَّا هُوَ الْمَلِكُ الْقُدُّوسُ السَّلَامُ الْمُؤْمِنُ الْمُهَيْمِنُ الْعَزِيزُ الْجَبَّارُ الْمُتَكَبِّرُ سُبْحَانَ اللَّـهِ عَمَّا يُشْرِكُونَ* هُوَ اللَّـهُ الْخَالِقُ الْبَارِئُ الْمُصَوِّرُ لَهُ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَى يُسَبِّحُ لَهُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَهُوَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ».
Мағынасы: «Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Көместі де, көрнеуді де біледі. Сондай-ақ Ол – тым есіркеуші, ерекше мейірімді. Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол патша; өте пәк, есендік беруші, қорғаушы, тым үстем, аса өктем, өте зор. Алла олардың қосқан ортақтарынан пәк. Ол Алла, жаратушы, жоқтан бар етуші және бейнелеуші. Аттардың ең көркемі Оған тән. Көктер мен жердегі әр нәрсе Оны дәріптейді. Ол – өте үстем, аса дана».
تحصنت بذي العزة، واعتصمت برب الملكوت، وتوكلت على الحي الذي لا يموت، اللهم اصرف عنا الوباء، بلطفك يا لطيف، إنك على كل شيء قدير.
Мағынасы: «Ұлылық Иесі Алладан қорған тілеймін. Патшалық Иесі Аллаға сыйынамын. Мәңгі тірі Аллаға тәуекел еттім. Уа, Жаратушы Ием, бұл індетті өзіңнің кеңшілігіңмен бізден ұзақтат. Расында, Сен барлық нәрсеге құдіреттісің».
اللهم إني أعوذ بك مِنْ الْبَرَصِ، وَالْجُنُونِ، وَالْجُذَامِ، وَمِنْ سَيِّئْ الْأَسْقَامِ.
Мағынасы: «Уа, Алла Тағала! Мен Өзіңнен алапес ауруынан, жындылықтан, сал ауруынан және де басқа да жаман аурулардан пана сұраймын».
بسم الله الذي لا يضر مع اسمه شيء في الأرض ولا في السماء وهو السميع العليم
Мағынасы: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кімде-кім таңертең және кешке: «Алланың атымен (дұға етемін), Оның есімімен аспаннан және жерден келетін ешбір нәрсе зиян тигізе алмайды. Ол толық Естуші, Аса Білуші» деп үш рет айтса, ол адамға еш нәрсе зиян тигізбейді деген.
اللهم ارفع عنا البلاء والوباء برحمتك ولطفك، اللهم ارفع عنا البلاء والوباء والزلازل والمحن
Мағынасы: Аллаһым, Өзіңнің мейріміңмен, кеңшілігіңмен бізден обалар мен бәлелерді (сынақтар мен қиыншылықтарды) және жер сілкінісі мен қиыншылықтарды кетіре гөр.
لا إله إلا أنت سبحانك إني كنت من الظالمين
Мағынасы: «Уа, Алла Тағала! Сенен өзге ешбір құдай жоқ. Сен барлық кемшілік атаулыдан пәксің! Шынында мен өзіме зұлымдық еткендерден болдым» («Әнбия» сүресі, 87-аят).
Кейбір ғұлама кісілер: «Кімде-кім оба уақытында Жүніс (ғ.с) пайғамбардың айтқан дұғасын 136 рет айтатын болса, Алла Тағала оны індеттен сақтайды», – деген.
يا حي يا قيوم، ربنا اكشف عنا العذاب إنا مؤمنون، بسم الله ذي الشأن العظيم البرهان، الشديد السلطان، ما شاء الله كان، اللهم إني أعوذ بك من الطعن، والطاعون والوباء، اللهم إني أعوذ بك من موت الفجأة، وسوء القضاء، وجهد البلاء
Мағынасы: «Уа, мәңгі тірі тұрушы және әр нәрсені толық меңгеруші Раббым! Біз, момын мұсылмандар, бұл азаптан сенен пана сұраймыз. Ұлы Алланың қалағаны болады. Сенен обадан, індеттен пана сұраймын. Кенеттен келетін өлімнен, жаман үкімнен, қиындықтармен сыналудан пана сұраймын».
Кейбір салих кісілер оба уақытында осы дұғаны оқыса пайдалы болатынын айтқан. Ал осы дұғаларды үнемі айта жүрсек, Алла қаласа, Жаратқанның қорғанында боламыз. Ең бастысы, Жаббар Иемізге деген сенім күшті, ниет түзу болса жеткілікті. Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді қабыл етіп, қиындық пен індет атаулыдан жер бетін аман сақтағай! Еліміз, жеріміз, өзіміз үшін де жасаған дұғаларымыз қабыл болсын! Әмин!
Медет Құрсақов,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.