Аллаға сансыз шүкір ақыл берген,
Алыс жолға, білімге батыл берген.
Екі айлық сапарымыз ел-жұрт үшін
Нағыз араб тілінде нақыл берген.
Араптарға мирас боп Мысыр қалған,
Бабамыз Бейбарыстай батыр ерден.
Қазақ елін дәм-тұзы тартып тұр ғой,
Ұрпақтар білім алды татыр жерден.
Бірінші алғыс айтамыз – Елбасына,
Жер-жаһанға танылған ер басына.
«Сіз-біз» дескен бірлігі болмағанда,
Бару қайда басқа бір ел қасына.
Екінші алғыс айтамыз – дінбасына
Жас-кәрі жақсылар жүр қасында.
Ел-жұрт боп басшыларға бақ тілейік,
Көтерген жүгі ауыр ғой бір басына.
Басқарма бата беріп шаттандырды,
Ақыл айтты, сабырмен сақтандырды.
«Аман-сау абыроймен қайтыңдар», – деп,
Алматы әуежайдан аттандырды.
Әзһарды алғаш көрген аға-інілер,
Сіздерді біреу білмес, біреу білер.
Ел-жұртқа еңбек етіп жатырсыздар,
Алғысын айта жүрер кейінгілер.
Пайдалы білім қонсын санамызға,
Әрқалай азды-көпті шамамызға.
Бағып-қағып жеткізген осы күнге,
Қарызбыз ғой ата мен анамызға.
Разымыз аманат қып сақтап жүрген
Туысқан, көрші, бала-шағамызға.
Уақтымыз мәнді-сәнді өтіп жатыр,
Ойласақ әр күн сабақ бағамызға.
Пирамида, Ніл дария, Орта теңіз,
Пайғамбар Мұса өткен Қызыл теңіз.
Перғауын зұлым патша опат болған,
Тарихты көзбен көрдік, ғажап деңіз.
Әзһарға әрбір елден бару шірет,
Мүмкіндік имамдарға бірақ рет.
Құрметтеп, жағдай жасап білім берген,
Мысырлық ұстаздарға мың рахмет!
Бір Алла дінді күшейт бағымызға,
Оңалған заманда бір шағымызға.
Елбасы мен дінбасын хайырлы етіп,
Құт-береке, ғұмыр бер тағымызға.
Отанымыз, отбасымыз аман болсын,
Дін қуатты, күн шуақты заман болсын.
Имамдар Мысырдағы білім алған,
Сапарымыз хайырлы тәмам болсын.
Тоқтар НАСЫРХАНҰЛЫ,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауыл ауылдық
«Халифа қажы Алтай» мешітінің Бас имамы.
Мысыр. Әл-Әзһар.