ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Рамазан - Алла Тағала тарапынан бүкіл адамзатқа тура жол ретінде Құран түсірілген ұлы ай. Құранда: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсірілген ай [1]».
Рамазан айында Алла Тағаланың құлдарына деген рақымының басқа айларға нәсіп болмаған ерекше көріністері мен кеңшіліктері орындалады. Әбу һурайра (р.а) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Рамазан кірген кезде жәннат есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады. Сондай – ақ шайтандар кісенделеді» - деп айтқанын риуаят еткен.
Рамазан – құлдың Хақ Тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын бар жігер-қайратын төгетін ұлы майданы. Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салихалы амалдар сауабы еселеніп жазылатын – құтты айы. Сондықтан бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі. Расында, рамазан айы өмірлік жолымызды көрсететін, нәпсімізбен күресуді үйрететін және мінез-құлқымызды туралайтын ай. Бұл айда әрбір мұсылманға өзінің өмірлік кестесін жасауға мүмкіншіліктер ашылады.
Келіп жеткен қасиетті Рамазан айы құтты болсын!
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан