Әбсаттар қажы Дербісәлі атындағы аудитория ашылды (ФОТО)
Нұр-Мүбарак университетінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти қызметін атқарған шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Әбсаттар қажы Дербісәлі атындағы аудитория ашылды.
Салтанатты шарада университет басшылығы Әбсаттар қажы Дербісәлінің еліміздегі білім-ғылым, дін саласында ғана емес, Нұр-Мүбарак университетінің тарихында өзіндік қолтаңбасы барына ерекше тоқталды. Университет ұжымының ынта-ықыласына ризалығын білдірген Әбсаттар қажы Дербісәлі осыдан 20 жыл бұрынғы ахуалға шегініс жасап, тарихи бастаманы жоғары деңгейде алып кеткен университет басшылығына, ұжымына ризалығын білдіріп, алғысын жаудырды.
Ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди университеттің Диссертациялық кеңес төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің қазақ елі үшін ғана емес, Ислам әлеміне қосқан үлесіне тоқталып, шәкірттердің академиктен үйренері көп екенін атап өтті.
Университеттің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған жаңа аудитория студенттер үшін ерекше сыйлық болды. Себебі ғалымның еңбектері, тарихи суреттері, жаңа технологиялармен жарақтанған аудитория, тіпті қазіргі пандемиялық жағдайларды да ескергендіктен, білім алуға мүмкіндік пен ықыласты арттыра түспек.
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі