Әбу Хамид әл-Ғазалидің «Ахлақ» ілімі атты еңбек жарық көрді
Нұр-Мүбарак университеті «Исламтану зерттеулері» сериясы белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаевтың «Әбу Хамид әл-Ғазалидің «Ахлақ» ілімі» атты монографиясымен толықты.
Монографияда ортағасыр мұсылман ғалымдарының саңлақ тұлғасы – мұсылман әлемінде «Худжату әл-ислам» (ислам айғағы), «Зинату әл-ислам» (ислам әшекейі), «Мухии әд-дин» (дінді жандандырушы) атанған Әбу Хамид әл-Ғазалидің рухани-адамгершілік ілімі (ахлақ, көркем мінез, жақсылық пен жамандық, кемел адам және т.б.) жалпы адамзаттық құндылық ретінде тарихи-діни қырынан жан-жақты сарапталған.
Әбу Хамид Әл-Ғазалидің «Ихия’у ‘улум әд-дин» (дін туралы ілімдердің қайта жандануы) шығармасынан «Махаббат, ынтызарлық және достық пен ризалық кітабы», «Достық пен бауырмашылдық әдебінің кітабы» тақырыптары бойынша үзінділер аударылып берілген. Сонымен қатар әл-Ғазали мен қазақ даласының ұлы данышпаны Абайдың адамгершілік ілімдерінің сабақтастығы да зерделенген.
Кітап Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Ғылыми кеңесінде (15.04.2019 ж.,хаттама No 6) талқыланып, баспаға ұсынылған.
kazislam.kz