АЛМАТЫ: АУДАН ИМАМДАРЫ АУЫСТЫ
Бүгін қасиетті жұма күні Алатау аудандық «Бекет ата» мешіті мен Түріксіб аудандық «Фирали Ферғанұлы» мешітіне жаңадан бас имамдар тағайындалды.
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Түріксіб аудандық «Фирали Ферғанұлы» мешітінде «Мұсылман әдебі» тақырыбында жұма уағызын айтты. Сондай-ақ, Бас мүфти бұйрығымен аудандық мешітке жаңадан бас имам болып тағайындалған Абдраманов Ержанды жергілікті жамағатқа таныстырды. Ал, Мейрман Саттарқұл Сатиұлы Түріксіб аудандық «Фирали Ферғанұлы» мешітінің бас имамы қызметінен босатылып, Алатау ауданы, Мәдениет ықшам ауданында орналасқан «Мәдениет-1» мешітіне бас имам болып тағайындалды.
Өз кезегінде наиб мүфти Кенжеәлі қажы Мырзабаев саналы ғұмырын имамдық қызметке арнап келе жатқан ақсақал имам Саттарқұл қажыға алғыс білдіріп, дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Сонымен қатар Алматы қаласының Бас имамы Төлеби қажы Оспан «Бекет ата» мешітінде жұма намазын өткізіп, бас имам болып тағайындалған Садиев Амантайды Алатау аудандық «Бекет ата» мешітінің жамағатына таныстырды. Ал, бұған дейін аудандық мешітті басқарған Ахметов Мәди алдағы уақытта Алатау ауданына қарасты «Мырзахмет» мешітінде бас имам болып қызметін жалғастыратын болады.
Бұдан өзге Қаленов Кенжебек Оразбекұлы «Мәдениет-1» мешітінің бас имамы қызметінен босатылып, Алатау аудандық «Бекет ата» мешітіне наиб имам болып тағайындалды.
САДИЕВ АМАНТАЙ ӘБІЛДАҰЛЫ
1995-1997 ж.ж. Алматы қаласындағы «Ислам» институтында білім алған;
2015-2018 ж.ж. «Ақтөбе» медресе колледжінің «Исламтану» мамандығын тамамдаған.
1997-2010 ж.ж. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары орталық мешітінің бас имамы;
2012-2013 ж.ж. ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы;
2013-2016 ж.ж. ОҚО, Шымкент қалалық «Абдулхамид Қаттани» мешітінің наиб имамы;
2017-2020 жылдары Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы;
2020-2021 ж.ж. Жамбыл облысы, Тараз қаласының бас имамы;
2021 жылдың қараша айынан бастап, Алматы қаласындағы «Таугүл-3» мешітінің наиб имамы қызметін атқарды;
2022 жылдың 24 қаңтарынан бастап, ҚМДБ Төрағасының №124 бұйрығына сәйкес, Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет ата» мешітіне Бас имамы болып тағайындалды.
АБДРАМАНОВ ЕРЖАН ҮСЕНХАНҰЛЫ
2006-2009 ж.ж. «Нұр Мүбарак» университетінің «Исламтану» мамандығы; 2018-2020 ж.ж. «Нұр Мүбарак» университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша магистратурасын тамамдаған. Магистр.
2009-2017 ж.ж. «Әбу Ханифа» медресе колледжінің ұстазы;
2017-2018 ж.ж. Алматы қаласы, Әуезов аудандық «Ақсай» мешітінде наиб имамы;
2018 жылдан бастап, Алматы қаласы, Алатау ауданында орналасқан «Мырзахмет» мешітінің бас имамы қызметін атқарған.
2022 жылдың 24 қаңтарынан бастап, ҚМДБ Төрағасының №128 бұйрығына сәйкес, Алматы қаласы, Түркісіб аудандық «Фирали Ферғанұлы» мешітіне Бас имам болып тағайындалды.
Жаратқан Ием алдағы уақытта жаңадан тағайындалған имамдарға дін саласында абыроймен қызмет етулерін нәсіп еткей. Іске сәт!
Алматы Орталық мешітінің
баспасөз қызметі