Алматы: Балалар ауруханасына 15 жасанды тыныс алдыру құрылғысы табысталды (ФОТО)
Бүгін, еліміздегі «Өмірге үміт сыйла!» атты қайырымдылық акциясы аясында Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына оттегіге аса мұқтаж науқастарға арналған 15 жасанды тыныс алдыру құрылғысы табысталды.
Бұл акцияға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы Ержан Сералин, Алматы қаласы Дін істері басқарасының басшысы Нұрлан Кикимов қатысты.
Шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пандемия кезінде науқастарға өмір мен үміт сыйлаған «Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық акциясын республика көлемінде өткізуге ұйытқы болған ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазретке, ҚМДБ "Зекет" қоры мен Алматы қаласы өкілдігіне өз ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы Ержан Сералин де қайырымдылық акциясын өткізуге мұрындық болған барша жомарт жандарға, мешіт жамағатына, кеңпейіл халқымызға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдеріне алғысын айтты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі