Алматы: Бостандық ауданында имамдардың көшпелі жиналысы өтті (ФОТО, ВИДЕО)
Бүгін, Алматы қаласының Бостандық ауданына қарасты Бақыткелді мешітінде Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен имамдарға арналған көшпелі жиналыс болып өтті.
Бұл келелі басқосуға Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Орталық мешіт қызметкерлері және Бостандық ауданы мешіттерінің бас имамдары, наиб имамдары, іс жүргізушілері және азаншылары қатысты.
Жиналыста ағымдағы жылы ҚМДБ және Алматы Орталық мешіті тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысына талдау жасалып, дін қызметкері мен жамағаттың арақатынасы, мешіттердің тыныс-тіршілігі мен ішкі-сыртқы тәртіп мәселелері талқыланды.
Көшпелі жиналысты Бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Бас имам өз сөзінде, үстіміздегі жылда, Бас Мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қолдауымен жасалған істер мен тың бастамалардың бір парасына тоқталды. Сондай-ақ, ол мешіт ісін өркендету мен мешіт қызметкерінің білім сапасын жақсарту жайын қозғап, имамдардың жауапкершілік қызметін арттыру – заман талабы екенін тілге тиек етті.
Сосын Орбита-3 мешітінің наиб имамы Ілесбеков Аян аудан мешіттерінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, мешіт істерін үйлестіру жөнінде баяндама оқыды. Ал, Байкен мешітінің бас имамы Жұмабаев Данияр «әр мешітке бір қари» жобасының маңыздылығы мен қажеттілігі және оның пайдасы туралы ойын өрбітті.
Ал, Орталық мешіттің наиб имамы Дулатбаев Жорабай жыл басында бекітілген тапсырмалар бойынша аудан мешіттерінің атқарған жұмыстарына сараптамалық баяндама жасады.
Соңынан Бас имам Бостандық ауданының жақсы көтсеткіштеріне оң бағасын беріп, кейбір олқылықтар мен кемшіліктерге тиісті сын-ескертпелерін айтты.
Azan.kz