АЛМАТЫ: МҮШАЙРА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ (ФОТО)
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен Алматы орталық мешітінің ұйымдастыруымен жамағат арасында қазақ халқының ағартушыларының өлеңдерін жатқа айту бойынша өткен мүшәйра өз мәресіне жетті.
Екі айға созылған іріктеу сайысы 8 аудандық мешітте өткізілді. Әр аудан жеңімпаздары Орталық мешітінде ақтық сайысқа түсті. Бұл іс-шараның басты мақсаты мешіт жамағатының қазақ халқы ағартушыларының шығармаларын оқуға баулу арқылы өскелең ұрпақ, жас буынға әдеби құндылықтарды жаңғыртып насихаттау, сонымен қатар классикалық және заманауи әдеби шығармаларды оқуға қызығушылығын ояту және әдеби сала бойынша ой-өрісін кеңейту болып табылады.
Байқаудың қорытынды кезеңінде Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, тіл жанашыры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д. Асылы Осман, Тарих ғылымдарының докторы Мұқатова Дана, Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Көшеке Ерғали Ахилбекұлы қазилық етті.
Бас жүлде I – дәрежелі диплом (200 000 теңге) жеңімпазы Пернебекұлы Темірбек, II – дәрежелі дипломды (100 000 теңге) Эльмира Ахмадиева жеңіп алса, 2 дана III – дәрежелі дипломдар (50 000 теңге) Айбек Росханзор мен Мамытбеков Болатқа бұйырды. Тағы 5 қатысушы 20 000 теңгеден ақшалай жүлдеге ие болды. Қалған барша қатысушылар 5 000 теңге ақшалай жүлде және алғыс хаттармен марапатталды.
Сайыста сөз алған Төлеби Дәділұлы: «Қазақ ағартушыларының өлеңдерінің мәні тереңде жатыр. Осынау жаһандану заманында қазақ руханиятының болмысына ұлттық бояуды сіңіре отырып, ұлттық әдеби құндылықтарды насихаттау арқылы төтеп бере аламыз. Сондықтан да жас буынның ағартушы ақындар шығармаларын жатқа оқып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыруы өзекті іс. Осы жолда ықылас танытып, белсенді болған барша қатысушыға алғысымыз шексіз», - деді. Сонымен қатар әрбір қатысушыға дән ризашылығын білдірген қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман: «...Тұлпарын тақымына басқан ұлы халықтың ұрпағысыңдар. Алтын қойма – тіл болса, тілдің жаны - сөз. Міне, осы сөз құдіретін дәріптеп, ағартушылар өлеңдерін насихаттап отырғандарың рухани жаңғыру дегеннің бірден-бір көрінісі осы байқау. Сондықтан әрбір қатысушы жұдырықтай жүрегінен өткізіп айтып отырған өлеңі ұрпаққа мұра. Осындай іс-шараны ұйымдастырушылар мен бас имам Төлеби Оспанға алғысым зор. Еңбектерің жана берсін», - деп, қазақ жастарының руханиятын жаңғырта берулеріңе бар ықыласыммен ниеттеспін деген тілек-батасын берді.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі