АЛМАТЫ: "ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН 30 ХАДИС" КІТАБЫНАН БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы өкілдігі әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен шәкірттер арасында "Жастарға арналған 30 хадис" кітабынан білім сайысы өтті.
Алматы Орталық мешітінің ұстазы Айнұр Жарқынбекқызының ұйымдастыруымен мешіттің әйел-қыздар шәкірттері арасында "Жастарға арналған 30 хадис" кітабынан білім сайысы өткізілді. Бұрынғы сайыстан өзгеше өткен бұл сайыс 2 турдан тұрды:
1. Ұяшықта жасырылған хадисті тауып, толық айтып беру;
2. Хадистен алынатын пайдаларды айту;
"Ізбасарлар", "Айша", "Сыддық" атты үш топтан құралған шәкірт қыздар білімдерін ортаға салды. Тартысты өткен білім сайысы дәріс алушы шәкірттер зейінін қызықты да пайдалы іліммен толықтырды. Жүлдегер қыздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды. Сыйлық ретінде ұсынылған "Рамазан" және "Әйелдерге тән мәселелер" атты Шәмшат Әділбаеваның кітабы қатысушыларды қуантты. Алматы Орталық мешітінің әйел-қыздар жамағатының ұстазы Айнұр Жарқынбекқызы: "Бұл сайыс Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының қолдауымен жас қыздарымыздың білімін арттырып, ислам ілімінде сауатын көтеру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Келешек ибалы, иманды ұрпақ тәрбиелеушісі, бүгінгі қыздарымызға пайдалы болады деп сенемін. Бұл білім сайысы алдағы уақытта да жалғасын табады", - деп атап өтті.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі