Алматыда Тәуелсіздік мерекесіне арналған рухани-мәдени шара өтті (ФОТО)
Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты «әл-Мадина» мешітінің жанындағы №119 орта мектептің акт залында "ТӘУЕЛСІЗДІК ТӘҢІР БЕРГЕН СЫЙ" атты тәуелсіздік күніне арналған рухани-мәдени шара өтті.
Бұл шараға Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, аудан имамдары, ақын Құл-Керім Елемес және «Әбу Ханифа» медресесінің шәкірттері қатысты.
ҚР Мемлекеттік әнұранымен басталған жиынды бас имам Еркінбек Шоқай құттықтау сөзімен ашып берді.
Бас имам:
«Құрметті бауырлар, қадірменді қонақтар! Мемлекетіміздің атаулы күні, әрбір қазақтың үшін аса қымбат қазынасы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен қасиетті құндылығы болған тәуелсіздік мерекесі баршамызға құтты болсын. Алла Тағала тәуелсіздігіміздің тұғырын биік, егемендігін баянды етіп, Өзіне ғана тәуелді ел болуымызды жазғай. Сондай-ақ, Алла Тағала нәсіп еткен осындай ұлы нығметтің қадіріне жетуді нәсіп еткей», – деп тілек тілеп, дініміздегі азаттық ұғымын түсіндірді. Сонымен қатар, шараның өтуіне жағдай жасаған мектеп әкімшілігіне алғыс білдірді.
Содан кейін «Балдырған» журналының бөлім редакторы, ақын Құл-Керім Елемес сөз алып, қонақтарды тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ, бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келгенін егемендіктің баға жетпес құндылық екенін айтып, Отанды сүюге, ел мен жерін құрметтеуге үндейтін жырын оқыды.
Сосын №109 орта мектептің 5-сынып оқушыларынан құралған «Семсер» тобы мен белгілі әнші Тілек Базаров әсем әндерін орындаса, «Әбу Ханифа» медресе-коледжінің шәкірті Тұрлығазы Нұрқанат тәуелсіздікке арнаған өлеңін ортаға салды.
Ал, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері қасіретті желтоқсан оқиғасынан көрініс қойып, көрерменнің көңілін толқытты.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі, азаттығымыз мәңгі болсын, ағайын!
Azan.kz