АЛМАТЫЛЫҚ ҚАРИЛАР ҚҰРАН ЖАРЫСЫНДА ТОП ЖАРДЫ (ФОТО)
Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» мәдениет кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқауы мәресіне жетті.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының құрметті азаматтары мен ел ағалары, сондай-ақ, дін жанашыры, жарысқа демеушілік жасаған Бахаридин Аблязимов арнайы қатысты.
74 үміткер қатысқан дүбірлі додада Алматы жамағаты арасынан қатысқан Мансурхан Сарварханұлы (Алматы қаласы, 11 жаста) «30 пара» бойынша: ІІ орын (3 000 000 теңге) жүлдесін ұтып алды. Ал Қуаныш Сейтқанов (Алматы қаласы, 29 жаста) «Мәнерлеп оқу» бойынша: І орын ( 1 000 000 теңге) жүлде ұтып алса, «20 пара» бойынша: ІV орын (700 000 теңге, ынталандыру сыйлығы) – Абдулбақи Абдилазиз (Алматы қаласы, 9 жаста) жүлдесіне иелік етті. Жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз. Елімізге, дін жолында қызмет ететін қарилар көп болсын.
Еске сала кетейік, екі күнге созылған қарилар байқауы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Пандемияға байланысты байқау екі күн бойы «Munara TV» телеарнасынан тікелей эфирде, «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан және Мүфтияттың Instagram-дағы @muftiyatkz парақшасынан онлайн көрсетілді.