БАС МҮФТИ АЛИ ЕРБАШҚА КӨҢІЛ АЙТТЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия Республикасының Каһраманмараш провинциясына қарасты Пазарджык ауданында болған жер сілкінісіне байланысты осы елдің Дін істері басқармасының төрағасы, профессор Али Ербашқа көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Түркия елінде болған жер сілкінісі жөнінде хабар менің де жаныма батып, ауыр күйзеліспен қабылдадым. Табиғи апаттан көптеген тұрғындардың қаза табуына байланысты өзіңізге және Түркия халқына, мұсылман бауырларымызға өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымының атынан қайғырып көңіл айтамын. Сан ғасырға жуық достық, рухани байланысымыз қай салада болмасын көрініс тауып келеді. Ауыр қайғыға душар болған отбасыларға Хақ Тағаладан көркем сабыр, қиындығына жеңілдік тілеймін. Бір Алла өзі жар болсын!» делінген көңіл айту жеделхатында.