Бас мүфти елордадағы құрбан шалу рәсіміне қатысты (ФОТО)
Бүгін, қасиетті Құрбан айт мейрамының алғашқы күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы құрбан шалу рәсіміне қатысты.
Қала сыртындағы «Алтай» шаруашылық қожалығына арнайы ат басын тіреген Бас мүфти сол жердегі жұмыс тобының қызметкерлерімен жүздесіп, құрбан шалу рәсімінің жай-күйімен жете танысып шықты.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен биылғы жылы да онлайн құрбан шалуға және өтініш беруге арналған Qurban2021.kz сайты іске қосылған болатын. Аталмыш жоба аясында ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігіне қала бойынша құрбан шалуға арналған төрт нысан бекітілген еді.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тілшілер қауымына берген сұхбатында осы жоба бойынша толыққанды ақпарат беріп, Qurban2021.kz сайты арқылы тапсырыс бергендердің құрбандықтары қалай сойылғандығы жөнінде видео есеп беріліп отыратын жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті еріктіліердің көмегімен құрбандық еттері бірден мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізілетінін атап өтті.