Бас мүфти Нұр-Мүбарак университетінің проректорымен жүздесті
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаевты қабылдады.
Кездесу барысында университет проректоры жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады. «Нұр-Мүбарак университетінің мақсаты – білікті де, білімді жас ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан қазіргі пандемия жағдайында университет білім жүйесін жаңа бағытқа бастап, қашықтан оқыту форматын іске қосып, сәтті жүзеге асырып келеді» деп атап өтті.
Сондай-ақ Қайрат Құрманбаев университет жанынан қашықтан оқытуға қатысты арнайы орталық және ІТ бөлімі ашылғанын айтып, жуырда студенттерге қызмет көрсету орталығы іске қосылатынын хабарлады.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Нұр-Мүбарак университеті білімді де білікті исламтанушы, теолог, дінтанушы мамандар даярлау қажет» дей келе қазіргі жаһандану кезеңінде жаңа бастамаларды көбірек қолға алып, бастамалардың бәрін де заман талабына икемдеу қажет екенін айтты.