Бірінші наиб мүфти «Жеті рухани қазық» құжатын таныстырды (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Елорда төрінде өтіп жатқан «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумында бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, айтулы жиын барысында «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі» және «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» атты құжаттар таныстырылып, қатысушылардың қызу қолдауына ие болды.
Ел тұтастығы мен тұрақтылықты нығайтып, еліміздегі әр азаматтың білім алып, қоғамға пайдалы болуға, отансүйгіштікке, ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, т.б. адамгершілік құндылықтарға үндеген ІІІ Республикалық имамдар форумының алғашқы құжаты да халқымыздың рухани құндылықтарын насихаттауға, мұсылман жамағатын жақсылыққа үндеуге арналды. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысушыларға форумның басты құжаты – «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасын таныстырып, қазіргі қоғам мүшелеріне ең қажетті жеті қасиет жайында баяндап берді.
«Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық», – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.