Ғұламалар кеңесінде «Ғибадат тұтқасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті (ФОТО)
Өскемен қаласында өтіп жатқан Ғұламалар кеңесінде «Ғибадат тұтқасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Кеңесте ҚМДБ Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі, «Муфтият» баспасының директоры Мұрат Манапұлы ғалымдарды кітап мазмұнымен таныстырып, еңбектің ерекшелігі жайлы баяндап берді.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ағарту саласындағы жұмысы жанданып келеді. Біз Діни басқарма жанынан Баспа және аударма бөлімін ашып, халыққа пайдалы еңбектерді шығара бастадық. Алла жазса, осы жылы 14 кітап жарық көреді. Жастарымыз Құран аяттарын дұрыс түсінсін деген ниетпен «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабын шығардық. Бұл еңбек қарапайым әрі түсінікті тілмен жазылды.Сонымен қатар, «Ғибадат тұтқасы» кітабын аударып, халыққа ұсынып отырмыз. Осы ретте «Муфтият» баспасының қызметкерлеріне айрықша алғысымды жеткіземін. Бұл кітаптар жалпы оқырман қауымға пайдалы болады деген сенімдемін» деді.
Бұл еңбектен имам әл-Қудуридің (Алла оны рақымына бөлесін) «Мухтасар әл-Қудури» кітабындағы «Ғибадат» бөлімдеріне қатысты мағлұматтар аласыз. Бұл еңбек Ханафи мәзһабының негізі саналатын алғаш жазылған классикалық кітаптар қатарына жатады.
Кітапты құрастырған – Данияр Кенжеұлы. Еңбекте араб тіліндегі дерек-материалдар келтірілген. Сонымен қатар фиқһ саласындағы іргелі еңбектер негізге алынған. Бұл еңбек дін қызметкерлері мен шәкірттер, жалпы оқырман қауым үшін құнды құрал болмақ.