КАИРДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Мысыр Араб Республикасының Уақып істері министрлігі ұйымдастырған «Азаматтық бірегейлілік және оның қоғамдағы қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі» атты Ислам істері жөніндегі Жоғарғы Кеңестің 32-ші халықаралық конференциясына наиб мүфти Ершат Оңғар қатысып, баяндама жасады.
Каирде өткен конференция Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің қолдауымен өтсе, оған осы елдің Уақып істері министрі және Ислам істері жөніндегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы, профессор Мұхтар Жұма, Мысыр мүфтиі Шауқи Аллам, Әл-Азһар шейхының орынбасары Мұхаммед Абдурахман Дуани, сондай-ақ, 47 мемлекеттен келген мұсылман елдерінің Уақып және дін істері министрлері, мүфтилері, ғалымдар мен парламент депутаттары және де мәртебелі меймандар қатысты.
«Қазақстан мен Мысыр Араб Республикалары арасында рухани, тарихи, мәдени байланыстар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Мысыр астанасы Каир қаласындағы Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс атындағы мешіт екі елдің достық қарым-қатынасының рәмізі іспетті. Қазақстан жерінде кіндік қаны тамған Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс бабамыздың мұрасы Мысыр халқы үшін тарихи маңызды нысан саналады.
Бүгінде Бейбарыс Сұлтан атындағы көне мешіттің қайта қалпына келтіру жұмыстарына Мысыр халқы өз үлесін қосып жатқанына шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Екі халық арасындағы достық пен бауырластықтың тағы да бір көрінісі - мәдениет, ғылым, білім саласы. Қазақстан мен Мысыр үкіметі арасындағы ратификация негізінде елімізде Египет ислам мәдениеті университеті құрылды. Нұр-Мүбарак университетіне Мысыр тарапы өз ғалымдарын жіберіп, имамдарымыздың білімін арттыруға, ізденімпаз жандарға діни білім беруге үлес қосты» деді наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы.
Сондай-ақ конференцияға Қазақстан атынан Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев та қатысып, баяндама жасады.