Министр атыраулық дін мамандарымен кездесті
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Атырау облысына іс-сапары аясында атыраулық дін саласы мамандарымен кездесті. Ақпараттық талдау орталығында өткен кездесуге Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев, Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы және қала имамдары қатысты.
Облыстағы дін саласының тынысымен танысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі пандемия кезінде облыс мешіттерінің, имамдардың ел бірлігін нығайтуда атқарған игі істері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ министр дін саласында дәстүр мен ғұрыпты кеңінен дәріптеу маңызды екенін еске салды.
«Қазір дін саласында танымдық дүниелер аз. Руханиятты дамыту үшін кітаптарды саралап, жетілдіріп, қайта жасақтау керек. Әсіресе, жас ата-аналар мен балалар үшін танымдық бағыттағы дүниелерді кеңінен ұйымдастыру маңызды» деді министр Аида Балаева.
Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы кездесуде орталық «Иманғали» мешіті жанынан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен телестудия ашылып, «Халық арна» телеарнасының өңірдегі филиалы ретінде қызмет ететінін атап өтті.
Сондай-ақ бас имам алдағы 5-7 жылда облыста 25 мешіт салу жоспарланып отырғанын хабарлады. «Оның төртеуі Атырау қаласында бой көтереді. Қалған мешіттер құлшылық үйі жоқ ауылдарда салынады. Қазіргі таңда мешіттердің нақты салынатын орындары бекітілді. Бұдан басқа облыста қарилар дайындау орталығын және қайырымдылық мекемесін (медресе) салу жоспарланып отыр. Ондағы мақсат – дін саласы кадрларын жергілікті жерде дайындауға басымдық беру» деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.