НАИБ МҮФТИ ҚР ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНА ТӨРАЙЫМЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Ислам және ізгі қоғам жылы аясында наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы ҚР ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызын және Ұлттық кітапхананың «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің» жетекшісі Бекпулатова Айхан Құдайбергенқызын қабылдады.
ҚМДБ Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚР Ұлттық кітапханасымен тығыз байланыс орнатылған. Осы орайда Ұлттық кітапханада «Дін мен дәстүр» залы өз қызметін көрсетіп келеді. Кездесу барысында Ұлттық кітапхана директоры өңдеуге (реставрация) берілген 130 жыл болған Абдурахмани баспасында басылған Құран кітабын табыстады. Құран кітабы һижри 1310 жылы, миләди 1893 жылы жарық көрген. Ұлттық кітапхана директоры: «Қасиетті Құран кітабын толықтай өңдеп, парақтарын емдеп, кітапқа екінші өмір силанды», - дейді.
Наиб мүфти өз кезегінде: «Қазақ елінің дін мен дәстүрін дәріптеуде, ҚР ұлттық кітапханасы ерен еңбек етіп келе жатыр. ҚМДБ-мен бірлесе Қазақстан халқының руханиятына зор үлес қосып келесіздер», -деп атап өтті.
Алдағы уақыттарда ҚР Ұлттық кітапханасымен бірлесе отырып сирек кітаптар мен қолжазбаларды зерттеуге атсалысатындығы айтылды.
Кездесу соңында ата-баба рухына Құран бағышталып, еліміздің амандығы үшін дұға жасалды.