ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МАРАФОНЫ: 9 мыңға жуық отбасы қуанышқа бөленді (ФОТО)
Бүгін елордада ҚМДБ «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жаршысы» атты республикалық онлайн марафоны өтті.
Онлайн марафонға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Оңғаров, «Зекет» корпоративтік қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлы және ҚМДБ қызметкерлері қатысты. Ал облыс бас имамдары онлайн режимде қатысып, Бас мүфти бастамасымен қолға алынған қайырымдылық акциясына қатысты дайындық жұмысы жайлы баяндады.
«Мен жуырда елордада өткен кеңейтілген Төралқа мәжілісінде барша дін қызметкеріне арналған бағдарламалық баяндамамда 2021 жылы атқарылатын жұмыстар бойынша басты 7 бағытқа басымдық берілетінін мәлімдедім. 7 бағыт бойынша жүзеге асатын жобаларымыз – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс. Жаңа 2021 жылды республикалық деңгейдегі игі істен бастап, халықтың алғысына бөленсек деген ниетіміз болды. Міне, бүгін елордадан бастау алған қайырымдылық марафоны барлық өңірде бір мезетте жүзеге асты. Осы іс-шараға атсалысқан барша дін қызметкері мен жомарт жандарға айрықша алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, бүгін «Қайырымдылық жаршысы» атты республикалық онлайн марафон аясында бір мезетте еліміз бойынша 9 мыңға жуық отбасыға азық-түлік себеті жеткізілді. Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 500 отбасыға аталған көмек көрсетілді. Имамдар мен ерікті жандар санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік себетін көмекке мұқтаж жанның үйіне жеткізіп берді.