ҚМДБ: «Тәпсірлердің таңдаулысы» төрт томдық кітабы жарық көрді (ФОТО)
Бүгін елордасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Тәпсірлердің таңдаулысы» төрт томдық кітабының танытымы өтті.
Іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Оралбай Әбдікәрімов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Нұр-Мүбәрак Ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммад аш-Шаххат әл-Жинди, сондай-ақ Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Дана Нұржігіт, Діни басқарманың бөлім басшылары мен облыс имамдары қатысты.
Игі іс-шара қасиетті Құран оқумен басталса, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиынға қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ізгі тілегін, алғысын білдірді
«Тәубенің зоры – Тәуелсіздік» деген сөз бар. Ұлан-ғайыр даламызда асыл дініміздің қанат жайып, ғұламалардың, білімді азаматтардың шығуы, осындай еңбектердің жарық көруі – тәуелсіздіктің арқасы. Сирияның Алеппо қаласынан шыққан Мұхаммед Әли әс-Сабунидің әйгілі «Сафуатәт-тәфәсир» тәпсір кітабы қазақ және орыс тілінде жарық көріп отыр. Төрт томнан тұратын бұл еңбекті шығарудағы мақсатымыз – қасиетті Құран аяттарын халыққа дұрыс тәпсірлеу, халыққа Әбу Ханифа мәзһабын ұстанудың маңыздылығын дәріптеу, жастарға дұрыс діни мәлімет беру, елімізде дін тұтастығын қалыптастыру, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына тойтарыс беру. Қазақ және орыс тілінде жазылған тәпсір кітабы оқырманға жеңіл, ықшамды берілуімен ерекшеленеді.
Ғасырлар бойы Құранның көптеген тәпсірлері жарық көрсе де, соның ішінде араб елдерімен қатар Орта Азияда кең тараған «Сафуат әт-тәфәсир» кітабының орны ерекше. Құнды еңбекте Құран Кәрім аяттарының мағынасы мен негізгі мәні түсінікті тілмен жазылып, әһлі сүннет ғалымдарының көзқарасы берілді. Сонымен қатар, кітапта «Сафуат әт-тәфәсир» еңбегін негізге ала отырып, қабылдауға, түсінуге күрделі аяттарға Ханафи мәзһабы, Матуриди сеніміне сәйкес қосымша түсіндермелер берілді. Арапша сөздерге лексикалық талдаулар жасалды. Аяттардың бір-бірімен байланысы мен сыры ашылды деп айта аламыз. Аяттардың түсу себебі, тарихы, Алланың сөзді қолданудағы шеберлігі тәпсірленді.
Бұл еңбек білім мен ғылымға құштар жандарға жол көрсетер бағдаршам, жастарымыздың Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін арттыруға, азаматтарымыздың діни тұрғыдан сауатты болуына, олардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне, Құран тәпсірін дұрыс түсінуіне, дәстүрге қарсы шықпауына, дін тұтастығын сақтауына, еліміздің рәміздеріне құрмет көрсетуіне, қоғамда қалыптасқан конфессияаралық татулықты нығайтуға оң ықпал етпек» деді Бас мүфти.
Жиынның құрметті қонақтары, ел ағалары Діни басқарманың игі бастамаларына сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді және құнды еңбектің жарық көруімен құттықтады.