ҚМДБ Төрағасы «Сарыағаш» медресе-колледжінің ұжымына сапалы білім беруді тапсырды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан «Сарыағаш» медресе-колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Кездесуге ҚМДБ-ның Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахмановтар қатысты.
Алдымен Бас мүфти елімізге белгілі дінтанушы-ғалым марқұм Әбдіғаппар Смановтың рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Одан кейін жуырда ғана «Сарыағаш» медресе-колледжінің директоры қызметіне тағайындалып, жұмысына кіріскен Дінмұхаммед Смановтың атқарып жатқан жұмыстары мен жоспарлары туралы қысқаша баяндамасы тыңдалды.
Сондай-ақ, кездесу барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шәкірттерге, жалпы жастарға білім алуды, бос уақытты тиімді пайдаланып спортпен шұғылдануды, табиғатты аялауды, ата-ананы құрметтеуді, түрлі теріс әдеттен аулақ болуды, т.б. асыл қасиеттерді бойға сіңіріп, амал етуге шақырды.Сонымен қатар медресе-колледждің ұжымына шәкірттерге сапалы білім беруі тапсырды.