ҚМДБ төрағасының орынбасары жаңа сайттың техникалық мүмкіндіктерін атап өтті
Бүгін Орталық Коммуникациялар қызметінде брифингте наиб мүфти Ершат Оңғаров жаңадан іске қосылған qurban2020.kz сайтының техникалық мүмкіндігіне тоқталды.
Халықтың өтінішін ескере келе Бас мүфтидің тапсырмасымен іске қосылған сайтқа қазірдің өзінде өтініш беру басталды. Мұнда еліміздің бүкіл аймағы қамтылған.
«Сайт құрбан шалуға өтініштермен қоса мұқтаждардың да өтінішін қабылдайды. Яғни сіз өзіңіздің аз қамтылған отбасы екеніңізді дәлелдейтін құжатыңызды да сайтқа саласыз. Кейін өтініш қабылданған соң сойылған етті еріктілер мұқтаж жандарға жеткізеді. Одан бөлек Сіз шалынатын малды көрем десеңіз біздің мамандар фото-видео түрінде көрсетілген нөмірге SMS-хабарлама жібереді» деді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Ағыбайұлы.
Бір ескеретіні биылғы құрбандыққа тапсырыс тек kaspigold банкінің картасы арқылы қабылданады. Бұл бірінші кезекте аталған банкпен жасалған келісімге сай болып отыр. Өйткені банк тапсырыс берушінің барлық есебін ұсынады.