1-амал: Алланың разылығы – ата-ананың разылығында
Бұл сөз Ардақты Пайғамбарымыздың асыл хадисі. Ал осы бір хадистің жалғасында «Алланың наразылығы ата-ананың наразылығында» деп қатаң ескертіп, адам баласын әрдайым ата-анаға жақсылып жасап, разылығын алуға шақырып, оларды наразы қылудан қайтаруда. Иә, расында, баласына разы болған ата-ана баласының амандығын тілеп, оны барынша қолдап-қуаттап өтері хақ.
Көнекөз тарихтың риуаят қылуынша, бұрынғы өткен заманда бір мемлекеттің аты кеңге жайылған патшасы болған екен. Оның жар дегенде Құдай берген жалғыз баласы болыпты. Бір күні патша ержеткен баласын құзырына шақырып, ақыл-парасатын сынамақ болып:
– Балам, мен зормын ба, сен зорсың ба? – деп сұрақ қойыпты.
Баласы оған:
– Әке, әрине, мен зормын! – деп жауап беріпті.
Бұл жауапқа қайран қалған әкесі:
– Жоқ, балам, мен – осы елдің патшасымын, менің қара-құрым елім, басымда жеті гауһармен көмкерілген алтын тәжім бар. Мен зормын ба, сен зорсың ба? – деп қайта сұрапты.
Баласы тағы да міз бақпай:
– Әкешім, әрине, мен зормын, – деп бұрынғыша жауап қайтарыпты.
Ұлының жауабына ренжіген сыңаймен әкесі:
– Әй, балам, мен сенің дүниеге келуіңе себепші болған әкеңмін. Мен зормын ба, сен зорсың ба? – деп соңғы рет сұрапты.
Баласы бұл жолы:
– Әкетайым, әрине, сіз зорсыз, – деп жауап беріпті.
Бұл жауаптарға түсінбеген сарай уәзірлері мен ғұламалары патшаның баласын кейігендей болып:
– Аса мәртебелі патшазадам, сіз неге осы жауапты бірден айтпадыңыз, әкеңізді неге сонша қинап қойдыңыз, бұның себебі не? – деп сұрапты.
Сонда патша баласы:
– Ей, сарай уәзірлері мен ғұламалары, сіздер менің жауаптарыма ғибрат көзімен қарамаған екенсіздер. Байқасаңыздар, әкем маған екі рет сұрақ қойған кезінде оң қолы менің иығымда тұрған еді, ал үшінші рет сұрақ қойғанда қолын иығымнан алды. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, қайдайда бір әке өз баласын қолдап, тілеуін тілеп тұрса, ол бала қашанда зор болмай ма?! Ал, керісінше, әке өз баласынан жеріп, қолдау білдірмесе, ол бала қашанда қор болмай ма?! – деп хикметпен жауап берген екен.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.