#4 Үйге кіру әдебі
Үйге кірер кезде үй ішіңізге келгеніңізді білдіріңіз. Үйіңізге атүсті немесе аңдыған адам сияқты сау етіп кіріп, олардың үрейін алмаңыз. Әбу Убайда Амр ибн Абдуллаһ ибн Масғұд (р.а.): «Әкем, яғни Абдулла ибн Масғұд үйге кірерде келгенін білдіру үшін дауысын шығарып кіретін», – деген.
Имам Ахмад ибн Ханбал: «Адам үйіне кірерде жөткірінуі немесе аяқкиімімен жерді теуіп дыбыс шығаруы мұстахаб», – деген.
Абдулла ибн имам Ахмад: «Әкем мешіттен үйіне қайтқан кезде үйге кірмей тұрып, келгенін аңғартқысы келіп, аяғымен жерді тебетін немесе келгенін білдіру үшін жөткірінетін», – деген.
Сол үшін әл-Бұхари мен Муслимнің жинағында Жабирдің (р.а.) Алла елшісінен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) риуаят еткен хадисінде: «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамның үй ішіне аңдыған немесе айып іздеген кісідей сау етіп кіріп келуінен тыйған», – деген. Яғни адам сапардан немесе басқа жақтан оралған кезде үй ішіне келгенін білдірместен, үйге кірмесін деген мағынада.
Кітаптың авторы: Шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда әл-Ханафи
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.