ИСЛАМ ТАРИХЫНДАҒЫ «БІРЛІК ЖЫЛЫ»
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырында мұсылмандар ауызбіршілігі жайлы көптеген ғажайып оқиғалар кездеседі. Алла елшісі әр кез мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағына жіті көңіл бөлген. Алауыздық тудыратын, адамдардың қарым-қатынасына сызат түсіретін әрбір әрекетті дер кезінде тыйып отырған. Соған қатысты екі оқиғаға қысқаша тоқталып өтсек...
Құранның «Хұжырат» сүресінің 10-аятында «Шын мәнінде мүміндер бір-біріне бауыр...», - делінгендей Ислам мұсылмандар арасында бауырластық қарым-қатынас қалыптастырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға хижрет етіп келген уақытта үш мәселеге ерекше көңіл аударды. Соның бірі жергілікті мұсылмандар мен көшіп келген сахабалар арасында бауырластық байланыс орнату еді. Меккелік сахабалар Мәдинаға үй-жайын, дүние-мүлкін тастап келгені мәлім. Бұл жағдай мұсылмандар арасында әлеуметтік, экономикалық қиындықтар тудырды. Әрине, екі қаланың тыныс-тіршілігі екі бөлек еді. Мекке халқы сауда-саттыққа бейім болса, Мәдина жұрты егіншілік және қолөнермен айналысты. Меккелік сахабаларға сауда-саттық бастау үшін капитал керек еді. Сындарлы шақта ансар сахабалар бауырластық танытып, барын бөлісті. Бұл тарихта мұхажир және ансар сахабаларының бауырласу оқиғасы деп аталды.
Осындай қиын кезеңде ансар сахабалар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, меккелік бауырларына құрма бауларын бөлісуге дайын екенін жеткізді. Мұндай жақсылық бір әке-шешеден туған бауырлар арасында да сирек кездесетіні белгілі. Ансарлардың бауырмашылдығына тәнті болған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрма бауын өздеріне қалдырып, жемісін ғана бөлісуді ұсынды. Мәдиналық бауырларының кеңпейілділігіне риза болған мұхажирлер: «Уа, Алланың елшісі! Азымен бөлісе алатын, көбі болса жомарттық ететін мұндай елді бұрын-соңды көрмедік. Тіпті бар сауапты алып кетер деп қорықтық», – деп айтқаны бар. Ансарлардың бұл әрекеті кедейліктен қорықпайтын жомарттың ісі еді. Міне, бұл – ауызбіршілік пен бауырластықтың асқақ көрінісі. Осылайша олардың «Сендер өздерің қалағанды мұсылман бауырыңа да лайық көрмейінше кемел иманды болмайсыңдар» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетін өмірлік ұстаным еткенін көруге болады.
Енді екінші оқиғаға ойыссақ. Ислам тарихында «Бірлік жылы» деп аталған жыл бар. Бұл – хижреттің қырқыншы жылы. Осы жылы Осман бин Аффан (Алла одан разы болсын) халифаның өлтірілуімен басталған бүлік біржола тоқтаған еді. Халифа Осман (Алла одан разы болсын) шейіт болып, мұсылман әлемі ауыр кезеңді бастан өткерді. Билік тізгіні халифа Әли бин Әбу Талипте (Алла одан разы болсын) еді. Ол қайтыс болған соң, Ирак жұрты түгелдей Хасан Әлиұлын (Алла одан разы болсын) халифа деп танып, байғат жасады.
Бұл оқиғаны Ибн Касир «Бидая уа Нихая» кітабында былайша баяндайды: «Хасан Әлиұлы халифа болған соң, Ирак әскерін бастап Шамға аттанды. Мұны естіген Шам әкімі Мұғауия (Алла одан разы болсын) өзінің кеңесшісі, сахаба Амр бин Аспен (Алла одан разы болсын) бірге оларды қала сыртында күтіп алды. Қос тарапты да жойқын соғыс күтіп тұрған-ды. Егер соғыс оты тұтанса, майдан алаңында қаншама бейкүнә адамның қаны төгіліп, марқұмдардың соңынан қаншама жетім мен жесір еңіреп қалар еді. Алайда бұл шайқас болған жоқ. Өйткені халифа Хасан Әлиұлы өз еркімен билік тізгінін Мұғауияға табыстады. Ол Пайғамбар атасы сияқты тұтас мұсылман үмбетінің мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қоя білді. Осылайша елдің тыныштығы мен халықтың амандығын көздеді. Мұғауия жіберген екі елшімен келіссөз жүргізген сахаба, Пайғамбардың немересі Хасан Әлиұлы мынадай бір ғажайып хадисті әңгімелейді. Мен сахаба Әбу Бәкрәдан былай дегенін естідім: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберде еді. Жанында кішкентай бала Әлидің ұлы Хасан отырған. Сонда Пайғамбарымыз: «Менің мына балам – төре. Алла Тағала осының қолымен мұсылмандардың екі үлкен тобын келісімге алып келеді» (Бұхари). Осы сөздерді айтқан Хасан әскер алдында ниетін айтып, өз еркімен халифалықты Мұғауия бин Әбу Суфиянға тапсырды. Екі жақтың әскери қолбасшылары да Мұғауияны халифа деп қабылдап, мойындайды. Осылайша екіге бөлініп кеткен мұсылмандар бірікті. Мұсылмандар осы жылды «Бірлік жылы» деп атады.
Осы оқиғадан соң Хасан Әлиұлы (Алла одан разы болсын) көп ұзамай дүниеден өтті. Қайтыс болар алданда Айша (Алла одан разы болсын) анамызға кісі жіберіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына жерлеуді өтінген еді. Алайда бір түсініспеушілік және бүлік тудыратын болса, мұсылмандар зиратына жерлеуді өсиет етті. Әрине, Айша анамыз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына немересінің жерлеуіне келісімін берді. Алайда бұған Маруан бин Хакам мен бір топ Бәну Үмайа адамдары наразылық танытты. Марқұмның інісі Хусейн бұған да қарамай жерлемек болғанда, жиналған жұрт «бүлік шығаратындай жағдай болса, мұсылмандар зиратына қойыңдар» деп өсиет еткен деп Хасан Әлиұлының сөзін еске түсіреді. Осы сөзге Хусейн де тоқтайды. Хасан Әлиұлы тірі кезінде мұсылмандардың ауызбіршілігін сақтауға тырысқаны секілді дүниеден өткен соң да, мұсылмандар арасына алауыздық түспеуін жан-тәнімен қалаған еді.
Төлеби ОСПАН,
Алматы қаласының бас имамы
Мұнара газеті
№03 (57)
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.