АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ ОҢҒАР САПАРБЕКҰЛЫ 80 ЖАСТА
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайшылығымен шығатын «Иман» журналының Бас редакторы Өмірбек Оңғар Сапарбекұлы 80 жасқа толды.
ҚМДБ Алматы кеңсесінде дін тақырыбында қалам тербеген белгілі журналист Оңғар Сапарбекұлын мерейлі жасқа толуымен наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы арнайы құттықтады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізген наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы 53 жылдан бері еліміздің баспасөз саласында жемісті қызмет етіп келе жатқан Оңғар аға Сапарбекұлының иығына шапан жапты. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері діни баспасөздің қалыптасып нығаюына, имандылықты насихаттап дамытуға, елімізде дінаралық келісім мен төзімділіктің, діни тұрақтылықтың орнығуына, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бастамалық рухын жан-жақты ашып, талдап түсіндіруге тиісінше үлес қосқан ардақты журналиске алғысын айтты.
Өмірбек Оңғар Сапарбекұлы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайшылығымен шығатын «Иман» журналының Бас редакторы (ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы қызметін қоғамдық негізде 12 жыл қоса атқарды), «Иман-Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 1942 жылы, 10 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан кентінде дүниеге келген. Темірландағы Амангелді Иманов атындағы орта мектепте білім алған. Одан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Темірлан Бөген ауданының орталығы болған кезде құрылып, шыға бастаған аудандық «Коммунизм таңы» газетінінің алғашқы күнінен аяғынан тұрғанша бес жыл қызмет етті. Баспасөз саласында 1965 жылдан бері үзбей қызмет етіп келеді. Қазақ радиосында редакция меңгерушісі, «Арай» және «Фемида» журналдарында Бас редактордың орынбасары, «Егемен Қазақстан» газетінде саяси шолушы болған. Осы қызметтеріне қоса орыс қазақ және ұйғыр тілдерінде жарық көретін «Мусульманская газета» басылымына басшылық еткен.
2000 жылдан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы, «Иман» журналының Бас редакторы, «Иман-Сенім» ЖШС директоры. Еліміздің қазақ тілді республикалық баспасөзі арасында таралымы жағынан екінші орындағы мұсылман жамағатына танымал «Ислам және өркениет» газетін алғашқы күнінен бастап 10 жылдан астам оның шығуына тікелей қатысып, қадағалады. Оның қаламынан туған ел бірлігі мен ынтымағы, діни сенімі мен көзқарасы әрқилы отандастарымызды өзара түсіністік пен төзімділікке үндейтін материалдары еліміздің белді басылымдарында үнемі жарияланып тұрады. Қасиетті Құранның қазақша екі тәржімасының редакторы. Тәуелсіз еліміздегі қалыптаса бастаған ислами баспасөздің негізін қалаған қарымды да тәжірибелі қаламгер. Бірқатар кітап пен кітапшалардың авторы. Бүгінде «Иман» журналының Бас редакторы, «Иман-Сенім» ЖШС директоры.
«Қазақстанның құрметті журналисі», «Жалын» журналының, Төлеген Айбергенов сыйлығының, «Шапағат» медалінің иегері. «Қазақ радиосының үздігі» атағына ие.
Ата-бабамыздың асыл діні мен ұлттық руханиятымыздың құндылықтарын жан-жақты кәсіби деңгейде жанашырлықпен табанды түрде насихаттап келе жатқан ардагер
Оңғар Сапарбекұлының мерейлі 80 жасымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.