Баланы оқуға ынталандырудың 10 әдісі
Балалар қоғамның айнасы және болашақтың ең үлкен құндылығы. Біздің, яғни үлкендердің, жігерлендіру һәм шабыттандыру мүмкіндігіміз болғандықтан баланың сезімдері мен мінез-құлқына әсеріміз үлкен. Сол себепті мұсылман ата-анаға баланың бастапқы өмір қадамдарынан бастап-ақ Исламның оң бейнесін қалыптастыру керек. Мұны жүзеге асырудың жалғыз амалы – тақуалықтың үлгісі болу.
Балаларды дін негіздерін үйренуге ынталандырудың құпиясы қызығушылық, көрнекілік пен қуанышта. Ислам сабақтарын қызықты етуге және баланы жаңа білім алуға асықтыруға арналған бірнеше әдістерді ұсынамыз.
1-қадам: ниет етіңіз
Өзіңізге ашық сұрақ қойыңыз: «Мен мұны не үшін жасап жатырмын?» Біз жасауға ниет еткен әрбір қадам Алланың разылығы үшін жасалуы қажет. Дұрыс ниет бізге зейін қоюға және мақсатымызға жетуге көмектеседі, ин ша Алла.
2-қадам: дұға оқыңыз
Мейірімді Жаратушы Иемізден балаларыңызды оқытуда жеңілдік беруін сұраңыз.
3-қадам: жоспарлау және тағы да жоспарлау
Балаңызды үйреткіңіз келетін заттардың тізімін жасаңыз. Тізім барынша егжей-тегжейлі болсын. Бұл қанша күш жұмсау қажеттігін түсінуге септігін тигізеді. Алайда мақсат – баланың миын шегіне дейін біліммен толтыру емес, ақпаратты құрылымдау. Егер сіз қандай да бір тақырыптар бойынша олқылықты тапсаңыз, бұл өзіңізді де дамуға итермелейді. Басқа адамдардың көмегіне жүгініңіз, Алла әрекетіңізге береке берсін.
4-қадам: күніне бір тақырып таңдаңыз
Бір айға арналған тақырыптар жоспарын жасаңыз. Әрине, сіз өзіңізге жоғары талап қоя аласыз, дегенмен алып істі қысқа мерзімде бітіруге болмайтынын есте сақтаған жөн. Кіші қадамдар жасау арқылы білім алу сіздің өміріңіздің ажырамас бөлігіне айналсын.
5-қадам: әрекет етіңіз
Тізімді мұқият қарап шығып, балаңызды қалай оқытатыныңызды ойланыңыз. Ресурстарды анықтаңыз немесе болашақта көмегі қажет болатын адамдарды табыңыз. Қазір бастаңыз және "орынды" сылтау тауып кейінге қалдырмаңыз.
6-қадам: барлығын баламен бірге жасаңыз
Жаңа сабақтарды енгізіп тұратын күнтізбе жасаңыздар. Ол көркем әрі көз тартарлық болсын. Балаңыз сіздің көмегіңізсіз-ақ заттарды қосатын немесе алып тастайтын жүйе құрастырыңыз.
7-қадам: қуанышпен білім алыңыз
Сабақтарыңыз қызықсыз болмауы үшін ойындарды пайдаланыңыз. Мысалы, егер сіз балаңызға Аллаyың 99 көркем есімін үйреткіңіз келсе пазлдар немесе жұп лото алыңыз және отбасыңыздың барлық мүшелерінің арасында жарыс ұйымдастырыңыз.
8-қадам: сабақтар интерактивті болсын
Балаңыз оқытылатын материалмен әрекеттескен сайын ол көбірек ақпаратты қабылдай алады және есте сақтай алады. Бір тақырыпты зерттеуде әртүрлі әдістерді қолданыңыз. Біз бір-бірімізге ұқсамаймыз, сондықтан ақпаратты ұсыну әдістеріміз де ауысып отыруы қажет: оқу, жазу, түсінік айту және тағы басқалары. Сабаққа отбасының басқа мүшелерін шақыруға қысылмаңыз. Алайда мақсатыңызды ұмытпаңыз, әйтпесе сабақтар отырысқа айналып кетеді.
9-қадам: марапаттау жүйесін құрыңыз
Бұл сертификаттар, бір күндік сапарлар немесе ойын-сауықтар болуы мүмкін. Балаңыздың сабақтарға марапат үшін емес, білім үшін қатысуын қадағалаңыз. Сіз балаңыздың бойында материалдық құндылықтарға емес, білімге деген құштарлықты дамытуыңыз қажет.
10-қадам: прогресске мән беріңіз
Балаға сабақтың өту барысы, не ұнайды, не ұнамайды ашық айтуға мүмкіндік беріңіз. Мысалы, оған жұлдыз пішініндегі 2 карточка беріңіз: біріншісінде ол қызықты сәттерді белгілейді, екіншісінде – іш пыстыратын немесе көңілі толмайтындарын. Сондай-ақ сіз отбасы мүшелерінің арасында дауыс беруді ұйымдастыра аласыз – әркім атын атамастан қысқаша хат жазып жәшікке салсын. Пікірлерді оқыған соң білім беру үрдісін үйлестіре аласыз.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.