БАРШАҢЫЗҒА МЫҢ АЛҒЫС!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Құрметті отандастар!
Сіздерді бүгінгі алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға құт-береке, бақыт пен табыс тілеймін.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға шүкір ете алмайды», – деген.
Бізді жоқтан бар еткен Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Ұланғайыр жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған бабаларымызға, мейірімін төгіп, мәпелеп өсірген ата-анамызға, қамқор болған ағайын-туысқа алғыс айтамын.
Мен осы ретте «қасіретті қаңтар» кезінде еңсесін түсірмей, бірлігін танытқан халқымызға айрықша алғыс білдіремін. Жұртымызға қамқор болған ел қамындағы азаматтарға, сындарлы сәтте дін қызметкерлерінің бірлік пен ізгілікке үндеген насихатын тыңдап, ынтымаққа ұйысқан мешіт жамағатына Алла разы болсын деймін. Сіздерге риясыз ризалық ниетімді жеткіземін.
Қадірлі жамағат!
Хадистердің бірінде: «Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер берер сыйлық таппасаңдар, ол үшін дұға жасаңдар» делінген. Мұсылман қауымын қаңтар оқиғасы кезінде Отанын қорғап, жан тапсырған азаматтарға, бейбіт тұрғындарға, сонымен қатар еліміз бен жеріміздің, барша әлем халқының тыныштығы мен татулығы үшін дұға жасауға үндеймін. Алла Тағала халқымызды түрлі сынақтан сақтап, жақсылығын жаудырғай. Әмин!
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.