ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМДАРДАН САҚТАНЫҢЫЗ!
Көзiңдi аш, оян, Қазақ, көтер басты,
Өткiзбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кеттi, Дiн нашар боп, Хал қараң боп,
Қазағым ендi жату жарамасты. – деп, ақын атамыз Міржақып Дулатұлы жырлағандай, қашан да елім деген ер азаматтардың алға қойған мақсаты: келешек ұрпақ болашағы мен елінің ертеңі болары сөзсіз.
Десек те, көреген ғұламаларымыздың ғасырлар бұрын ескертіп кеткен зар-заманына бүгінгі күн қайтадан оралғандаймыз. Көз ілеспестен қарыштап дамып жатқан технологиялармен бірге ұлттық құндылықтарымыздың (тіл, дін, салт-дәстүр) құлдырауы қатар жүріп жатқандай. «Заман талабына қарай адам талғамы өзгереді» десек, заманды жасаушы адам екендігін ескерместен айтқан болар едік. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымыз бен мәдени мұрамызды заман ағымына қалдырып, жаңа ұрпақты дүниеге дүдәмәлдау күйде әкеле жатырмыз. Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», – деп айтып кеткен. Қазіргі таңдағы жетпіс жылдық боданнан әлі шыға алмай келе жатқан, өз тілін шайнап сөйлейтін мәңгүрттерді қоспағанда, тілін бұрап «ахи», «ухти» атауларын бауырларымызға телу арқылы тура жолды өзінше нұсқағысы келетін азаматтарымыз көбейіп барады. Қазақтың мұсылманшылығы ат қойып атау берумен күшеймейтіні ақиқат. Дегенмен, әсіресе, жастар жағы біреудің қаңсығын таңсық көріп, үйіріле қалары мәлім. Ұлттың қадір қасиетін бойында сақтап келе жатқан ата-бабаларымыздан мирасқа қалған қасиетті ана тіліміз бен асыл дініміз дейтін болсақ, әлі күнге дейін орыс тілінің құрсауынан шыға алмай келе жатқан тіліміздің хәл-ахуалы айтпасақ та белгілі. Ал екі дүниеде де бақытқа жеткізетін, әрқашан мейірімділікке, адамгершілікке, сүйіспеншілікке үндейтін асыл дініміздің қазіргі жағдайы да ауыз толтырып айтарлықтай мәз емес. Қалай істесек бұл халықтың берекесін алып, бағытынан жаңылдырамыз дейтін бөтен ниеттегі адамдардың (ұйымдардың) кесірінен жаппай белең алып бара жатқан деструктивті діни ағымдарға әлем болып тоқтау салудың жолын іздестіруде. Ұлт берекесін қашырып, азғындыққа апаратын деструктивті діни ағымдарға тоқталмастан бұрын, ең алдымен, «деструктив» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни, бүлдіргіштік, залал тигізуге ұмтылыс, нәтижесіздік деген мағыналарды береді [1]. Ғылыми әдебиеттерде «деструктивті культ», «деструктивті секта» ретінде берілетін деструктивті діни ұйымдарды зерттеу, олардың анық және нақты анықтамасын беру маңызды. Батыс зерттеушісі У.Мартин өзінің «Культтер патшалығы» деген танымал еңбегінде деструктивті культке мынадай анықтама береді: «Деструктивті культ - бұл өзінің жақтаушыларына толық бақылау орната алатын әмірлі түрде бір адам немесе шағын адамдар тобымен басқарылатын топ. Деструктивті культтердің негізгі ерекшелігі олар адамның еркін бұзып тастап, оны топқа тәуелді етіп қою үшін алдауға және сананы бақылау әдістерін қолдануында» [2].
Бүгінге дейінгі тарихи кезеңдерді алып қарасақ, деструктивті діни ағымдар сол кезеңдегі қоғамдық ортаны ыдыратушы негізгі факторлардың бірі ретінде айқындалып келген. Кез-келген мемлекеттің негізгі тірегі сол елдегі өмір сүріп отырған халық дейтін болсақ, сол елдің ең осал тұсы да халық болмақ. Ниеті бөтен болған ұйымдар сол осал тұсты пайдалана отырып, халықтың арасына іріткі салу арқылы сол елдің берекетін алуды әдетке айналдырған. Қазіргі жаһандану кезеңіне орай ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын жамылып, өздерінің (шариғаттың үкіміне негізделген қолдан жасалған ережелерімен) "шариғат заңдарымен" қарапайым халықты, әсіресе, жас жеткіншектерді қармақтарына түсіріп, өздерінің қитұрқы мақсаттарын жүзеге асыруда. Кез-келген бостыққа жақсылық не жамандықтың келіп орнайтыны анық. Міне, осыны ескере отырып жас ұрпақ санасындағы бостықты біз әуелі өзімізге тән рухани құндылықтарымызбен қатар, Хақ жолына табыстыратын шариғи ілімді бала кезінен дәріптеу арқылы санасына сіңіріп өсіруіміз қажет. Осылайша, біз теріс пиғылды жат ағымдар мен олардың зиянынан халқымызды сақтап қалмақпыз.
Бабай Сыдық
Таугүл-3 мешітінің ұстазы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Адамчик В.В. Новый словарь инистранных слов. – Мн.: Современный литератор, 2006. – 303б.
- Мартин У. Царство культов. - М., 1992. /http://www.reformed.org.Ua/2/409/Martin/.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.