Діни ағымдар әлеуметтік желілерді қалай пайдаланады?
Сұрақ: Радикалды діни ағымдардың әлеуметтік желілердегі қаупі туралы айтып берсеңіз.
Жауап: Бүгінгі күні бүкіл әлем бойынша ақпараттар алмасу мүмкіндігі әлеуметтік желілер жүйесінде өте кең таралуда. Адамдар оны қолдану арқылы өте алыс қашықтықты бағындырып, басқа елдер мен құрлықтармен еркін байланыс құрып отыр.
Алайда, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған топтар болып табылады.
Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін.
Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін.
Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді.
Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі форумдарда да жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер бүкіләлемдік ғаламтордағы ең танымал қызмет түрі болып отыр, статистика бойынша әлеуметтік желілерді ғаламтор қолданушыларының 90%-ы қолданады.
Деректерге сүйенетін болсақ, тіркелген қолданушыларының саны бойынша алғашқы ондыққа кіретіндер: Facebook (1,4 млрд.), Youtube (1 млрд), Google (500 млн-астам), Twitter (500 млн-нан астам), BKontakte (230 мл.-нан астам), Оноклассники (205 млн-нан астам) және т.б. әлеуметтік қызметтер. Осы әлеуметтік желілер арқылы мұндай ұйымдар танымал хэштегтерді (#) алып, оның мазмұнына өз материалдарын көптеп орналастырады.
Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына ғаламтор кеңістігі мен заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы енуде. Соның салдарынан азаматтардың отансүйгіштік сезімі мен төзімділік принциптері, құндылықтық бағыттары мен этикалық нормалары өзгеріске ұшырап, отбасына іріткі салу, қоғамның жікке бөлінуі қаупі туындауда.
Радикалды экстремистік идеологиялардың ықпалындағы діни ағым өкілдері қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық актілерін ұйымдастыру мен ұшқары әрекеттерді жүзеге асыруға дайын болатыны белгілі. Оған әлемнің әр жерінде орын алып отырған радикалды діни ағымдар өкілдерінің қылмыстық іске баруы және лаңкестік әрекеттері дәлел.
Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату террористтер мен экстремистер өз қатарларына жаңа мүше тарту мақсатына бағытталған. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны да жасырын емес.
Діни тақырыптар бойынша ғаламтордың отандық сегментіндегі қауымдастықтарының саны мен ерекшелігі туралы айтатын болсақ, «Вконтакте» және «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі ең белсенді қоғамдастықтар шамамен 70%-ы дәстүрлі емес ислам идеологиясына қатысты екен. YouTube, Facebook, Instagram, Вконтакте, Twitter, Telegram сияқты әлеуметтік желілердің пайдаланушылардың арасында да әлеуметтік желілер мен медиа порталдар арқылы мемлекеттік жүйені құлатуға тікелей және жасырын шақыру, қолданыстағы заңдарды, зайырлы этика мен мораль нормаларын мойындамау фактілері де кездеседі.
Сондықтан діни мәліметті, қажетті пәтуәні іздеген әрбір азамат шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбай, өз еліміздегі kazislam.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz және онымен серіктес fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz және т.б. секілді еліміздегі сенімді сайттарға жүгінгені жөн.
Балғабек МЫРЗАЕВ,
kazislam.kz
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.