Ғұламалар ортасындағы басты талапты білесіз бе?
Ежелде ғұламалар ортасында бір салт болатын. Сол салт ғұламаға қойылған негізгі талаптың бірі десе болады. Білім аманатын арқалаған тұлғалар тек белгілі бағдарлама негізінде шәкірт тәрбиелеумен шектелмейтін. Олар қоғамда таразы міндетін атқарды. Базардағы саудагерден бастап сұлтандарға дейін ықпалы жүрді.
Десе де, олардың әлеуметтік тұрмысы кісі қызығатын жағдайда емес еді. Сондықтан да болар, ғылымның даңғыл жолында мансап пен дүниені мұрат еткен адам шыдас бермейтін. Ал, ғылымның мың бір сынағынан сүрінбей өткен ғалымдардың мұқалмас мінезі мен қайтпас қайсарлығын хан да, қара да ерекше бағалайтын. Кешегі ғалымдар бас қосып кездессе үш ауыз сөзді бір-біріне айтып шегелеп отыратын. Ал, ұзақ уақыт дидарласа алмай қалса, хат-хабар ішіне сол сөздерді жазып жіберетін көрінеді.
Аталмыш ғұламалар өсиетін табиғин, хадис ғалымы Мағқил бин Убайдулла (р.а.) былай жеткізген:
«Кімде-кім ішкі жан дүниесін түзу ұстаса, Алла Тағала оның сыртқы жүріс-тұрысын түзейді. Кімде-кім Раббысы мен өзінің арасын ретке келтірсе, Алла Тағала оны мен адамдар арасын ретке келтіреді. Кімде-кімнің бар ойы ақырет ісі болса, Алла Тағала оның дүниелік ісін оңғарады»,-деп жазылған.
Міне, осы үш ауыз сөз ғылым жолын таңдаған тұлғалардың өлшемі еді. Десе де, бұл ұлағатты сөздер кез келген адамға қажет.
Руслан ҚАМБАР,
Kazislam.kz
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.